Жуырда Мойынқұм ауылында тұрғындардың белсенді қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, елді мекеннің тазалығы мен көркейтуіне бағытталған маңызды жұмыстар атқарылды. Іс-шараға ауыл әкімдігінің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері және басқа да мекеме қызметкерлері қатысты.
Жалпы саны 150-ден астам адам қатысқан сенбілік таңғы сағат 9:00-де басталып, түске дейін жалғасты. Қатысушылар ауылдың негізгі көшелерін, мәдениет үйі мен мектеп аумағын тазалады. Сонымен қатар, қоқыс жәшіктері жаңартылды. Тазалық жұмыстары барысында көшелер мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан мұқият тазартылды. Ұйымшылдықпен атқарылған жұмыс ауылдың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтты. Әрбір қатысушы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, бір-біріне қолдау көрсетті.
Бұл игі бастама ауылымыздың көркеюіне серпін беріп, келешек ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Тұрғындар қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарап, күнделікті өмірде де табиғатты аялау қағидаларын сақтауға ниетті екендіктерін білдірді.
Алдағы уақытта мұндай сенбіліктер жыл мезгілдеріне сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауылды абаттандыру жұмыстарына жастар мен оқушылардың қатысуын арттыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Мойынқұмды таза, көрікті әрі үлгілі ауылға айналдыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.