Ауыл оқушылары ойлап тапқан «Ақылды ферма»

0 2

Ғылым тұрмысты жақсартып, табысты арттыруға үлкен мүмкіндік береді, тек ізденіс болса жеткілікті. Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары үздіксіз ізденістің нәтижесінде мал шаруашылығына өте пайдалы «Ақылды ферма» ойлап тапты. 

Бұл ауыл сонау 1960 жылы Рим олимпиадасында топ жарып, аты әлемге танылған Абсент сәйгүлігімен белгілі. Содан бері мұнда асылтұқымды жылқы шаруашылығы жұмыс істеп келеді. Бүгінде де бірер шаруа қожалығы асылтұқымды жылқы өсіруде. Ауыл мектебіндегі оқушылар жылқы фермаларында жұмыс істейтін ағаларының ауыр еңбегін көріп жүріп, өздері қызығатын робототехниканың пайдасын малшы ағалары көрсе деген ойға келеді. Осы ойдың нәтижесінде мектеп оқушылары информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімдерімен бірлесіп, «Ақылды ферма» жобасын әзірлеп шығарған. Тіпті, сол жобамен республикалық «Fibonacci Robot Olympiad» байқауына қатысып, ІІ дәрежелі орынды олжалаған.

– Өткен жылы ғылыми жаңалықтарымызбен Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, ІІІ орын алған болатынбыз. Кейін Астана қаласында ұйымдастырылған байқауда «Ақылды ферма» жобамызбен ІІ орынды жеңіп алдық. Аталған байқауға 650 команда, 2000-ға жуық оқушы және 250-ден аса мұғалім қатысқан болатын.

Жоба негізінен жылқы бағатын шаруаларға арналған. Қазір сандаған адам еңбектеніп жүрген фермада біз әзірлеген жобаны іске қосса, барлық жұмысты 12 адам ғана атқара алады. Себебі, барлық жұмыс тетіктер арқылы іске асады, адамдар соларды бақылап жүрсе, жеткілікті. Тіпті, беймезгіл уақытта ұры түссе немесе өрт шығып, әлде газ иісі сезілсе, бақылаушының ұялы телефонына белгі беріледі. Тетіктер адамдардың келуін күтіп отырмайды, хабар бергеннен кейін, құтқару жұмыстарын өздері атқара береді. Бұл уақыт жоғалтпай, шығынға ұрындырмай, қауіптің алдын алуға үлкен көмегін тигізеді.

Жобамызды ауылдағы шаруа ағаларымызға көрсеттік. Олар қызығушылық танытып, көмектерін аямайтындарын айтып қуантты. Алдағы уақытта «Ақылды ферма» жобамыз мал шаруашылығы саласында қолданылып, ауылшаруашылығымен шұғылданатын азаматтардың игілігіне жараса, біздің мақсатымыздың жүзеге асқаны болмақ.

Мектебімізде робототехника бойынша ізденіп жүрген Маратбек Бекназар, Орынбасар Қайыржан, Балтабай Нұртас, Шәкен Темірхан, Қайыржан Омар сынды ізденімпаз оқушылардың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Балалардың идеяларын жанжақты дамыта отырып, жүзеге асыруға, оларды одан әрі ізденуге, елге пайдасы тиер іс жасауға жетелеуде мектеп директоры Серік Айтбаев қолдау көрсетіп келеді. Себебі ол кісі өзі де информатик маман, бұл саланың қыр-сырын да, көпшілікке әкелер пайдасын да жақсы біледі, – дейді озық ойлы оқушылардың жобасына жетекші болған ұстаздардың бірі Бағдат Баягизев.

Бұл жобаны әзірлеу барысында оқушыларға Бағдат Маратұлымен бірге информатика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байшеміров те жетекшілік еткен екен.

– 2018 жылы сол кездегі «Нұр Отан» партиясының қолдауымен мектебімізде ІТ сыныбы ашылған болатын. Онда оқумен қатар робототехника бойынша ғылыми жоба дайындап, жеке ізденемін деген балаларға мүмкіндік те беріліп отыр. Оқушыларымыздың жеңістері осы жасалып отырған мүмкіндіктердің нәтижесі деп білемін. Мектеп оқушыларының ғылыми жобалар жарысынан олжалаған жеңістері – білімге деген құштарлықтың, үздіксіз еңбектің және нағыз командалық рухтың жемісі, – дейді Мұрасбек Дүйсембекұлы.

Астана қаласындағы байқауға қатысқан Ақтоған шағын орталықты орта мектебі оқушыларының «Көгершін» командасының капитаны Нұрсұлтан Болатбек достарымен бірге әлі де ауылдастарының игілігіне жарайтын жобалар әзірлеуде ізденіс үстінде жүргендерін жеткізді.

– Робототехникаға сегізінші сыныптан бастап қызығамын. Оған қызығушылығымды арттырған – сыныптас досым. Екеуіміз бірге инверсия және Кубик рубика құрастыратын роботтар жинап, облыстық жарыстарға қатысатынбыз. Сегізінші сыныпты аяқтаған жылы жазғы демалыста тың жоба құрастырмақшы болдық. Бірақ, қандай жоба құрастыруды білмедік. Ойлана келе «Ақылды ферма» жасағанды жөн көрдік. Себебі, ауылымызда 45 мал шаруашылығы бар. Сонда жұмыс істейтін ағаларымыздың жұмысын жеңілдететін жоба құрастырсақ, көмегіміз тиер деген тоқтамға келдік. Ферманың кілтпен ашылатын есігі және қараңғыны сезетін, ультрадыбысты датчиктері бар. Сыртта қараңғы түскенде тетік іштегі жарықты қосады. Ал, ультрадыбысты тетік сырттағы қандай да бір дыбысты сезгенде, дабыл қағады. Ол малды ұры-қарыдан қорғауға арналған. Ферманың ішінде өртті, газды, ыстықты сезетін тетіктер бар. Газ бен ыстықты сезетін тетік бірден дабыл қағып, ауа желдеткішті іске қосады. Өртті сезетін тетік дабыл қағып, артқы қосымша есікті ашады. Сонымен қатар, су деңгейін реттеуге, айналаны бақылауға, дыбысты естуге арналған тетіктер және монитор бар. Мониторда ішкі температура көрсетіледі. Ал, су деңгейін сезетін тетік су жетіспеушілігін байқаса, арнайы тетікке белгі беріп, су ағады. Айналатын тетік іштегі малға жемшөпті өздігінен береді. Дыбыс еститін тетік малдың зәр, қи шығарғанын естіп, оны тартатын тетікке белгі беріп, бірден тазаланады. Міне, осындай автоматты түрде жүргізілетін жұмыстар арқылы «Ақылды ферма» малшыларға көмектеседі, – дейді Нұрсұлтан.

Бұл топтағылар 8-9 сынып оқушылары екенін де айта кеткен жөн. Олар ІІ орын жүлдесімен қоса Түркия елінде өтетін Халықаралық байқауға жолдама алған. Оқушылардың елге пайдалы жаңалық ойлап табуға деген ынталары, ғылымға деген ұмтылыстары келешектерінен үлкен үміт күттіреді.