Аудан әкімдері құрылыстың басы-қасында жүріп, жұмыстардың сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі қаралған аппараттық кеңесте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осылай деді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасап, ауызсу жүйелерінің құрылысы бойынша жобалардың іске асырылу барысын баяндады. Өткен жылы облыста 13,6 млрд теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асып, халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды, қалаларда 97,5 пайызды құрады.
Биыл облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 43 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту үлесі 98,1 пайызға, (қалаларда 98,8%) жетеді деп күтілуде.
Ербол Қарашөкеев бірер жылдан бері ауызсу құрылысы аяқталмаған бірқатар жобаны атап өтіп, жауаптылардың бұл бағыттағы жұмыстарын сынға алды. Мәселен, Байзақ ауданындағы Қосақ және Аққия ауылдарында ауызсу құрылысы ұзаққа созылып, тұрғындардың наразылығын тудырған. Ал Жамбыл ауданында сумен қамтамасыз етудің төмен деңгейі қалыптасқан. Мойынқұм ауданына қарасты елді мекендерде ауызсу мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Мәселен, аталған ауданға қарасты Ақсүйек, Хантау ауылдарында өткен жылы басталған ауызсу жүйесінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Шу, Т.Рысқұлов аудандарында да бірқатар елді мекендерде су тарту жұмыстары белгіленген мерзімнен кешігіп отыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін халықты 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету қажетпіз. Бұл бағыттағы жұмыстар тиянақты орындалуға тиіс. Барлық жауапкершілікті мердігерлерге итермей, олардың жұмысын өздеріңіз бақылауға алыңыздар. Әр аудан басшысы құрылыстың басы-қасында болып, сапасын тұрақты қадағалауы қажет. Мердігерлер өз жауапкершілігін ұмытпағаны жөн, – деген облыс әкімі жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді, құрылысты тұралатқан мердігер компанияларға заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ басқосу барысында су тасқынының алдын алу мәселелері де талқыланды. Аймақ басшысы жауаптыларға ауа райының кез келген жағдайына дайын болу керектігін ескертті.