Ата жолын жалғаған азамат

0 3

Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өндіріс саласында тынбай еңбек етіп, қызмет сатысында жоғарылап жатқан жастар жайлы айтарымыз көп. Солардың бірі – ПМХЗ қызметкері,  технологиялық қондырғының операторы Мәди Төлендинов. Бүгінде жас маман алты жылдық мансап жолында нәтижелі қызмет атқарып келді.

Павлодар химия-механикалық колледжін тәмамдап, екі жылдан соң Павлодар мұнай химия зауытына дуалды оқыту бөліміне түсіп, колледжде алған теориясын іс жүзінде көріп, тәжірибе жинай бастаған. Төртжылдық білімін толықтырған жас маман біліктілігін арттыру мақсатында Ресейдегі Уфа қаласында жоғары оқу орнына түседі. Қиын іріктеуден өтіп, беделді университеттің беткеұстар мамандарынан тәлім алып, төрт жылдан соң елге оралады.

– Бала кезімнен нақты ғылымдарға қызығушылығым туындаған. Негізі техникалық мамандық таңдауымның бірден-бір себепкері – атам. Балалық шағымда үлкендердің арасынан атамды ерекше құрметтеп, жақсы көретінмін. Инженер болып қызмет еткен атама қарап, өскенде атам сияқты өз ісін жан-тәнімен ұнататын қызметкер атанғым келетін, – дейді Мәди  Төлендинов.

Жас түлек Павлодар мұнай-химия зауытына технологиялық қондырғылардың операторы қызметіне қабылданады. Күн тәртібі жұмыс күнін жоспарлаудан басталып, учаскелердегі тәртіпті қадағалаумен жалғасады.

– Өндірістегі жұмыс күнім вахтадағы ауысымдық қызметтің реттелуі мен жабдық-тардың жарамдылығын тексеруден басталып, учаскені аралаумен жалғасады. Кейін өрт-
газ қауіпсіздігін қадағалап, жұмыс күнінің соңына дейін берілген тапсырманы орындаймын. Қызметімде күнделікті қауіпсіздік, жауапкершілік, әр бөлшекке тиянақты қарау, аналитикалық ойлау қабілеті, үнемі даму жолдарын қарастыру және ұжыммен қызмет ете білу  басты қағидаларын берік ұстануға тырысамын, – дейді ол.

Жас маман өндіріске қадам басып келген сәтте, түнгі ауысымдардың қиындығына мойымай, жұмысына мұқият қараған. Изомеризация қондырғысын тану барысында, құрылғылар мен жабдықтардың ерекшелігі, ақауы бар құрылғыларды жөндеуден өткізу үрдісін қадағалап, күннен-күнге қызметіне қызығушылығы артқан еңбекқор маман көп ұзамай қызмет сатысында жоғарылай бастайды.

– Учаскелерді аралау кезінде зауыттың қызметіне тереңірек үңілесің. Бастапқы кезеңде аға мастерлермен бірге жұмыс орындарын аралап, жоспар бойынша қалай әрекет ететінін түйдім. Кейін біліктілікті арттыратын оқытудан өтіп, 5-ші разрядті алдым. Екіапталық білім алуда дәріс тыңдап, өндірістік қауіпсіздік алаңына байланысты білімімді толықтырдым. Сондай-ақ мұнай өңдеу саласын тереңінен зерттедік. Араға біраз уақыт салып жаңа сатыға көштім, – дейді еңбегіне адал қызметкер.

Зауытта жылда өтетін күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін көптеген жабдық жаңартылып, жетілдіріліп жатады. Одан бөлек, маңызы зор экологиялық қауіпсіздік пен өндірістің тиімділігіне әсер ететін талаптар қолға алынуы тиіс. Қызметіндегі технологиялық үдерістерге баса мән беріп, еңбектің  өнімділігіне үлес қосатын білікті маман көпке үлгі болып отыр.

Ата ізін жалғап, жұмысшы мамандық саласын таңдаған Мәди Төлендинов қалаған арманына қол жеткізіп, белестерді бағындырудан жалықпайды. Бүгінде сұранысқа ие мамандықтардың арқасында өз жолын тауып, қоғамдағы беделі артуда.