Астана қаласында көктем айларынан бастап ауқымды абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, биылғы жылы елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, пайдалануға беріледі. Бірқатарының жұмысы аяқталып, тұрғындар игілігіне тапсырылып үлгерген. Қала аумағын көркейту жұмыстары аясында көгалдандыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, жыл соңына дейін 1 миллионнан астам жасыл желек (ағаш, бұта, көшет және тағы басқа) отырғызу жоспарланған.
Жол салу және жөндеу жұмыстары да қаланың барлық ауданында қарқынды жүргізілуде. Биыл 12,5 шақырым жаңа жол салынса, жалпы ұзындығы 58 шақырым болатын 50-ге жуық көше жөндеуден өтеді. Бұл қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және кептеліс мәселесін азайтуға септігін тигізеді.
Қазіргі таңда ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 32 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал, тағы 12,5 шақырымды қамтитын 9 көшеде құрылыс және жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Ағымдағы жылы ерекше назар аударылып отырған бірқатар ірі жол нысандары қатарында Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы жол айрығы бар. Мұнда көпір өткелінің аралық құрылымдары мен жолайырықтарын монтаждау жұмысы биыл толығымен аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ Бұқар жырау көшесі бойында (Жошы хан көшесінен әл-Фараби даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру, бағдаршамдар және инженерлік желілерді қамтитын толық жол инфрақұрылымы жасалуда. Бұл жоба да жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қайсенов көшесінде (Ұлы дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейін) толыққанды көлік қозғалысын қамтамасыз ету 2025 жылға белгіленген. Ал, Әйтеке би көшесі (Мұхамедханов көшесінен Сығанақ көшесіне дейін), Ақан сері көшесі (Тілендиев даңғылынан Оқжетпес көшесіне дейін) мен Мұхамедханов көшесінде (Қорғалжын тасжолынан Айтматов көшесіне дейін) қазіргі уақытта инженерлік желілерді орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары аяқталған негізгі көшелердің қатарында Абылай хан даңғылы (А.Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейін), Бөкеев көшесі (Оқжетпес көшесінің соңына дейін), Талапкер көшесі (Ақан сері көшесінен К.Байсейітова көшесіне дейін), Фахд бен Абдул Азиз көшесі (К.Байсейітова көшесінен Ш.Бейсекова көшесіне дейін), Алаш тасжолы (191-көшеден 69-көшеге дейін), Сейфуллин көшесі (Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейін), М.Жұмабаев көшесі (Момышұлы даңғылынан Қошқарбаев даңғылына дейін) және басқа да көшелер бар.
Қаланың барлық ауданында жалғасып жатқан бұл жұмыстар елорданың күнделікті тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Жолдардың жаңаруы мен жасыл желектің көбеюі Астана тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру сапасын арттыратыны сөзсіз.