Қала билігі ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жасыл желекті көбейтуге күш салуда. Биыл елордада шамамен бір миллионға жуық ағаш, бұта мен басқа да көгалдандыру элементтерін отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар елорданың барлық аудандарында – Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра және жаңадан құрылған Сарайшық ауданында – саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар мен тұрғын аулалар абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау қолға алынған.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек жасыл желек отырғызумен шектелмейді, сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, демалыс орындарын заманауи талаптарға сай қайта жабдықтау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Мысалы, Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінің бойында ескі және заңсыз салынған құрылыстар сүріліп, орнына көлемі 10,5 мың шаршы метр болатын жаңа қоғамдық кеңістік салынбақ. Бұл жерде ағаштар мен бұталар отырғызылып, жаяу жүргінші жолдары салынады. Сонымен қатар, Жазушылар аллеясында 100-ден астам ірі ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Сарыарқа ауданында бұрынғы сапаржай маңындағы көшелерді абаттандыру, оның ішінде Гете көшесін «Раиса ана» мешітіне дейін көгалдандыру жұмыстары жоспарға енген. Бұл бағытта көгалдандырумен қатар шағын сәулет нысандары орнатылып, қосымша тұрақ орындары да қарастырылады. Біржан сал мен Гете көшелерінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде вокзал маңы аумағы жаңа келбетке ие болды: жаңа тротуарлар төселіп, қоғамдық кеңістіктер пайда болып, жасыл желек молынан отырғызылды.
Биыл Байқоңыр ауданында 1000-нан астам ағаш және 33 мыңнан астам бұта отырғызылады. Бұл қатарда «Ұстаздар» алаңы, Абай даңғылы мен 191-көше секілді орындар қамтылған. Аталған аумақтарда емен, үйеңкі, сирень, арша сынды өсімдіктер отырғызылады. Сонымен қатар, жеті қоғамдық кеңістік те жаңартылмақ. Қаланың бірнеше көшелерінде – Уәлиханов, Абай, А.Жұбанов, С.Сейфуллин, Кенесары көшелері мен Есіл өзені жағалауында – көгалдандырумен бірге жаңа төсеніштер төселіп, жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады.
Нұра ауданы аумағында 10 мың ағаш пен 110 мың бұта отырғызу көзделуде. «Мадрид», «Алтын Шар», «Копенгаген» және басқа да тұрғын үй кешендерінің маңында көгалды алаңдар құрылып, орталық саябақ пен Үркер тұрғын алабында жаңа скверлер пайда болады. «Greenline» жаяу жүргіншілер бульварының құрылысы да жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, Қ.Мұхамедханов, Күлтегін, Әнет баба көшелерінде де жаңа жасыл кеңістіктер ашылады.
Есіл ауданында да Ботаникалық бақтан бастап Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта 16 мыңнан астам ағаш, 68 мыңнан астам бұта және сонша көпжылдық өсімдіктер отырғызылады. «LRT» бағыты бойындағы көшелер мен Сығанақ көшесі де көгалдандырылады.
Қала абаттандыру бағытындағы жұмысты жүйелі жүргізіп отыр. Мәселен, Әзірбайжан Мәмбетов және Ғұмар Қараш көшелерін жаңарту кезінде 5 гектар аумақ көгалдандырылды. Мемлекеттік филармония алдында жарықтандыру жүйесі орнатылып, «Иллюзия паркі» қайта жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығының құрылысы жүріп жатыр.
Байқоңыр ауданында биыл 88 ауланы абаттандыру жоспарланған, оның ішінде 18 аула кешенді түрде жөнделеді. Есіл ауданында Мәңгілік ел даңғылы бойымен абаттандыру жалғасса, Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 30-дан астам аулаға күрделі жөндеу жүргізіледі. Алматы ауданында Қ.Мұңайтпасов көшесі мен М.Жұмабаев даңғылында төсемдер ауыстырылып, жаңа орындықтар мен урналар орнатылады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта құру да басты назарда.
Сарайшық ауданында 2025 жылы 14 мыңнан астам жасыл желек отырғызылып, үш қоғамдық кеңістік – «Хайвил» тұрғын кешені айналасы, Жұмысшы мамандықтар аллеясы және «Bravo Family» кешені маңындағы алаң абаттандырылады.
Ж.Нәжімеденов, С.Нұрмағамбетов, Панфилов, Жүргенов көшелерінде де көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал Есіл өзені бойында – Қабанбай батыр даңғылынан бастап Амман көшесіне дейінгі жағалау абаттандырылып, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон паркі, Президенттік саябақ және «Қалалық романс» паркі жаңа жасыл кейіпке енбек.
Астана биыл тағы да көркейіп, тұрғындарға жайлы әрі жасыл қала ретінде қалыптасу жолында үлкен қадам жасауда.