Астанада бейбітшілік пен келісімнің жаңа символы бой көтерді

0 22

Астана қаласының көркіне көрік қосқан тағы бір ерекше нысан – «Бейбітшілік пен келісім» саябағы ел игілігіне берілді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, жаңа саябақтың маңыздылығына тоқталды.

Есіл өзенінің бойында, Тәуелсіздік даңғылы көпірінің маңында орналасқан табиғи-рекреациялық аймақ – Қазақстандағы ұлттар мен конфессиялар арасындағы достық пен бірліктің көрінісі. Саябақтың басты композициялық элементі – «Өмір ағашы» монументі. Күмбез тәрізді құрылымның дәл ортасына емен ағашы отырғызылып, айналасы фонтанмен және су айдынымен көмкерілген. Бұл монумент – мәңгілік, үйлесімділік және ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде жасалған.

«Өмір ағашының» маңына төрт инсталляция орнатылып, олардың әрқайсысы бейбіт өмір, рухани келісім және татулық құндылықтарын бейнелейді. Саябақ аумағында каскадты сарқырама, «Жұлдызды аспан» туннелі, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен демалыс аймақтары жасақталып, ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

Қала басшысы Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл нысан символдық мәнге ғана ие емес, сонымен қатар, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс орнына да айналады. «Биыл біз 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Шамамен 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған», деп жазды әкім.