Мемлекет басшысы жариялағандай, еліміздегі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы құқық үстемдігін нығайту, құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алуды көздейді.Әскери ортадағы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы — құқықтық тәрбие мен әскери тәртіптің қалқаны. Әскери прокуратураның профилактикалық қызметі — құқықтық тәртіпті сақтауға, заңдылықты қамтамасыз етуге және әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді және көп қырлы жұмыс.
Қазіргі таңда Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау саласында тұрғын үй қатынастарына талдау жасау барысында Ақтөбе аудандық пайдалану бөлімінде тіркелмеген 5 пәтерді анықтады. Біздің актіміз бойынша әкімдік 5 пәтерді иесіз деп тану туралы сот ісін қозғады, бұл кейін мемлекеттік орган балансына өткізуге мүмкіндік береді.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесін тексеру кезінде мердігер ұйымдарға мерзімді әскери қызметшілерді медициналық тексеруден өткізу үшін 5,5 миллион теңгеден астам негізсіз төлем жасау фактісі анықталды. Бүгінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімімен әкімдіктің 5,5 миллион теңге өндіру туралы талаптары толығымен қанағаттандырылды.
Әскерге шақырушыларды мәжбүрлеп жеткізу фактілері тіркелмеген, сондай-ақ мерзімін кейінге қалдыруға заңды негіздері бар 9 азамат шақыру пункттерінен босатылған.
ҰҚК Шекара қызметі департаменті жер заңнамасын талдау барысында шекаралық аумақтардағы 5 ауыл маңында шлагбаум, өткізу пункттері секілді инженерлік құрылыстардың заңсыз орнатылғанын анықтады. Прокурорлық ықпал ету шаралары тұрғындардың еркін жүріп-тұру құқықтарын қалпына келтірді. Бұл жұмысқа Әйтеке би ауданының тұрғындары риза болып, Бас прокурорға Алғысхат жолдады.
Сонымен қатар, 3,4 миллион теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы сот үкімін орындау барысында сотталған адамның жалған түбіртекті пайдаланғаны анықталды. Мемлекеттік кірістер департаменті мен «Қазпошта» АҚ берген мәліметтерге сәйкес, сотталған Н. есімді азамат әскери сот үкімін орындаудан жалтару мақсатында көрінеу жалған құжат пайдаланған, нәтижесінде бюджетке қаражат түспеген. Осыған байланысты, біз бұл фактіні АЕК-ке тіркеп, материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жібердік.
«Әскердегі заң және тәртіп» бағдарламасы аясында осы жылдың өткен мерзімінде әскери прокуратура мен әскери полиция бөлімдерінің бірлескен профилактикалық шаралары нәтижесінде Ақтөбе гарнизонында суицидалды іс-әрекеттерге бейім әскери қызметшілер анықталмады. Гарнизонның әскери прокуратурасы жоспардан тыс дене жарақаттарын тексеру және латентті құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында анонимді сауалнамалар мен жеке әңгімелесулер жүргізіп, жарғылық қатынастарды бұзу фактілеріне жол берілмеді.
Аталған бағдарлама аясында қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуда барлық санаттағы әскери қызметшілерді қамтыған әскери бөлімдерде онлайн трансляция арқылы сот процестерін көрсету, үкімдерді жариялау өткізіледі.
Осындай алдын алу шаралары бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз етумен қатар, армия ұжымындағы жауынгерлік дайындықтың, тұрақтылықтың және құқықтық тәртіптің сақталуына кепіл болуға тиіс.