Әркімнің азаматтық міндеті

0 1

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына тосқауыл болатын, елдің болашағына қауіп төндіретін көлеңкелі құбылыс. Осы орайда, елімізде қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында жүйелі түрде жүргізілуде.

Аталған заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бұл қоғамда жемқорлыққа мүлде төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін нығайтуға бағытталған іс-әрекет деп түсіндіріледі. Яғни, бұл тек заңмен шектеліп қалмайтын, әр азаматтың ішкі сенімі мен санасына байланысты көзқарас. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның парақорлыққа саналы түрде қарсы тұруы, онымен күресу қабілеті. Ол жеке тұлғаның сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын терең түсініп, өз ортасында оған жол бермеуге тырысуынан көрінеді.

Жемқорлықпен күрес тек бір мекеменің немесе жеке топтың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы қажет. Әсіресе, халықтың мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнататын сәттерінде пара беру, пара алу сияқты жағдайлар жиі кездесіп жатады. Мұндай әрекеттерге тек заң арқылы емес, қоғамның өз ішінде де қарсы тұру қажет. Жемқорлыққа жол бергенді кінәламас бұрын, оны болдырмаудың амалын бірге іздеген жөн.

Мемлекеттік қызметшілер арасында орын алатын құқық бұзушылықтардың себебі, көп жағдайда кәсіби әдептің төмендігінен, жеке басының қамын ойлауынан, немқұрайлылықтан туындайды. Білім деңгейінің жеткіліксіздігі де – осындай әрекеттердің алғышарты. Сондықтан қызметкерлердің адамгершілік және этикалық деңгейін арттыру – жемқорлықтың алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі.

Бүгінде мамандар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары күшейтілген. Бұл тек мемлекеттік құрылымдарда ғана емес, білім беру мекемелерінде, денсаулық сақтау ұйымдарында, тіпті шағын кәсіпорындарда да маңызды. Әр адам өзінің отбасында, жұмыс орнында және достарының арасында адалдық пен әділеттілікті насихаттаса, бұл індеттің таралуына жол берілмейді.

Қоғам дамуының көлеңкелі жағы әрқашан да болады. Бірақ, елдің әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуді мақсат еткен сәтте, сыбайлас жемқорлық сияқты кеселдің жолын кесу – басты міндет. Бұл – тек мемлекетке ғана емес, әр азаматқа жүктелетін азаматтық борыш.

Бүгінгі күннің басты талабы – тек заңға сүйеніп әрекет ету емес, сонымен қатар құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ішкі сана деңгейінде қалыптастыру. Бұл бағыттағы әрбір қадам – еліміздің болашағына қосылған үлес.