Ақтөбеде алкогольсіз сусын өндіретін зауыт салмақ

0 2

Жобаны «Кока-Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны» ЖШС жүзеге асырады.

Жуырда өңір басшысы Асхат Шахаров пен Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчельді кездесу өткізді. Басқосу барысында инвестициялық жобаны іске асыру кезеңдері талқыланды.

«Coca-Cola Içecek зауытын салу жобасын іске асыру Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам. Бұл тек қомақты инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, заманауи технологиялар мен өндірістің экологиялық стандарттарын енгізу деген сөз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инвесторға жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті өңір басшысы.

Бұл жобаның  құрылысына бағытталған инвестиция құны 41,9 миллиард теңгені құрайды. Зауыт келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорын құрылысына 25 гектар жер телімі бөлініп, жобалау және дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Жаңа өндіріс Coca-Cola Içecek компаниясының еліміздегі төртінші зауыты болмақ. Ол заманауи технологиялық желілер, қалдықтарды экологиялық басқару жүйелері және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сай энергия үнемдейтін шешімдермен жабдықталады. Жоба аясында 150 жұмыс орны құрылып, жобалық қуаты жылына 280 миллион литр алкогольсіз сусын өндіруге жетеді.

Жобаны іске асыру Ақтөбе облысының елдегі индустриялық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін күшейтіп, халықаралық инвестициялар тартуға және экономиканың сабақтас салаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.