Ақтауда «Caspi Bitum» БК» ЖШС-інің жаңғыртылған битум зауыты ресми түрде іске қосылды. Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар нысан жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып отыр.
Жаңғырту нәтижесінде зауыттың жылдық мұнай өңдеу қуаты 50 пайызға артып, 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл еліміздегі мұнай өңдеу көлемін арттыруға елеулі үлес қосады. Ең маңызды жетістік – стратегиялық өнім болып саналатын жол битумының өндірісі 50 пайызға артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл Қазақстанның жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қажетті сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық дерлік өтеуге мүмкіндік, мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, битум өндірісінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықта жеткізілім мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – бүкіл ел аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін өте маңызды.
Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың айтуынша, отандық битум өндірісінің 50 пайызға өсуі жол салу мен жөндеу қарқынын жеделдетуге, олардың сапасы мен ұзақмерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, логистиканы жақсартуға және түптеп келгенде, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға салынған тікелей инвестиция. Аталған жоба – еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібін ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа сай, шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшудің айқын үлгісі.