Ақшаны қоқыстан да жасауға болады

0 2

Істің көзін тапқан адам қоқыстың өзінен де пайда таба алады. Мұндай кәсіп түрі тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта мен қоғамға да зор үлес қосады. Осындай игілікті істі қолға алған жерлесіміз — тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жіберіп жүрген кәсіпкер Арман Адашов.

Ол Шу қаласындағы қоқыс полигоны аумағында шағын цехын ашқан.Онда пластик және шыны бөтелкелерді, темір қалбырларды, картон мен қағаз қалдықтарын сұрыптап, оларды сығымдап, қайта өңдеу орындарына жөнелтеді екен. Оның бұл еңбегі табиғатты қорғау болса, екінші жағынан ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқаны.

– Бұл кәсіппен айналысқаныма жеті жылдың жүзі болыпты. Қоқыс төгетін алаңды ретке келтіріп, таза тұрмыстық қалдықтарды қабылдап отырмыз. Мұнда үй жануарлары мен мал өлекселерін тастатпауды қатаң бақылаймыз. Сондықтан, бұл жерде өткір иіс жоқ. Тұрмыстық қалдықтарды тұрғындардан тікелей қабылдау мүмкіндігіміз бар. Біз ай сайын 7 тоннаға жуық пластик ыдыстарды, 2 тоннадай қалбырларды, жазды күні 50 тоннаға жуық шыны шишаларды, 16 000 тоннадан астам картон-қағаз өнімдерін Алматы қаласына қайта өңдеуге жөнелтіп, пайда табамыз. Жазды күндері жұмыс көлемі артады, – дейді кәсіпкер Арман Адашов.

Қайта өңдеуге жарамды заттарды жинастырып зауыттарға табыстап, сол арқылы табыс тауып жүрген жерлесіміздің бұл ісін өзгелерге үлгі етуге әбден болады. Өйткені, кейбір адамдар пайдаланылған қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастаудың орнына  лақтырып кетеді. Мұндай адамдардың жанашырлық сезімі қалыптаспайынша, бұл үрдіс жалғаса беретіндей көрінеді.

Елімізде жыл сайын миллиондаған тонна тұрмыстық қалдықтар жиналады екен. Оның  20-25 пайызы ғана қайта өңделіп, қалған бөлігі полигондарға жөнелтіліп немесе табиғатқа тасталып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруде. Бұл жағдай экологиялық мәселелердің ушығуына, ауа мен топырақ сапасының төмендеуіне әсер етуде. Осындай түйткілдерді шешуде Оңтүстік Корея тәжірибесі үлгі бола алады. Аталған мемлекетте тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесі қатаң әрі нақты жолға қойылған. Тұрғындар қоқысты арнайы белгіленген контейнерлерге — қағаз, шыны, пластик және өзге де қалдық түрлеріне қарай бөліп тастайды. Әр контейнердің түсі мен жазуы бөлек болғандықтан, шатасуға жол берілмейді. Кейін қайта өңдеу зауыттарының қызметкерлері сұрыпталған қалдықтарды тиісті орындарға жеткізеді. Мұндай тиімді тәжірибені елімізде де кеңінен енгізу уақыт талабы. Қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілікті күшейту арқылы біз табиғатты қорғауға және экологиялық ахуалды жақсартуға нақты қадам жасай аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоқысты қайта өңдеу және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып, арнайы тұжырымдама әзірлеуді тапсырды. Бұл қадамдағы басты мақсат – қайта өңдеу үлесін арттырып, инвесторларды ынталандыру арқылы экологиялық ахуалды жақсарту. Қоқысты сұрыптап салу – құр әурешілік емес, болашаққа салынған инвестиция. Себебі ол қалдық емес – құнды ресурс.