«Ақсай Жуалы» минералды суы нарыққа шықты

0 2

Жуалы ауданында «Ақсай Жуалы» минералды су зауыты өз жұмысын бастады. Жоба облыс экономикасы мен ауыл халқының әл-ауқатына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған өндіріс орнының іске қосылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы жобаның экономикалық маңызымен ғана емес, әлеуметтік пайдасымен де ерекшеленетінін атап өтті.

– Мұндай жобалардың басты маңыздылығы — тек экономикалық көрсеткіштерде ғана емес, олардың халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінінде. Жаңа жұмыс орындары ашылады, ауыл дамиды, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер туады. Ең бастысы – әрбір тұрғынның бұл суды өзіне ең жақын жердегі дүкеннен сатып ала алуына жағдай жасауымыз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

«Ақсай Жуалы» минералды су өндірісі жеке инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі – 400 миллион теңге. Зауыттың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 80 тонна минералды су шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кәсіпорында 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта өндірістің ауқымы кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

«Ақсай Жуалы» брендімен шығарылатын өнім Жамбыл облысымен қатар, еліміздің бірнеше ірі қаласына – Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтау және басқа да өңірлерге жөнелтіледі. Бұл отандық өнімге деген сұраныстың артып келе жатқанын және оның сапасының бәсекеге қабілетті екенін білдіреді.