Инвестиция – жай ғана жобаларға қаржы құю емес, инфрақұрылымды дамыту, өндірістерді жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі кілті. Ақмола облысында инвестициялық климатты жақсарту бойынша белсенді шаралар жүзеге асырылып, бұл отандық және шетелдік инвесторларды тартуға ықпал етуде.
2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 563 миллиард теңгені құрады, оның 60 пайызы жеке инвестицияларға тиесілі. Бұл бизнестің белсенділігі мен өңірді дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.
Инвестициялық саясаттың арқасында өткен жылы 109,6 миллиард теңгеге 187 жеке инвестициялық жоба іске асырылып, 1,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осы ретте, Аршалы ауданында жел электр стансаларын салу, Целиноград ауданында 1500 басқа арналған сүт-тауар фермасын құру, Көкшетауда сағатына 18 тонна өнім өндіретін құрама жем зауытын салу, Көкшетауда 48 мың тонна дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін кешен ұйымдастыру маңызды жобалар қатарында.
Сонымен қатар, 450 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Биыл жеке инвестициялар есебінен 190 миллиард теңгеге 150 жобаны іске асыру, 1,8 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлаған. Сондай-ақ Көкшетауда май экстракциялық зауыт, Аршалы ауданында астықты терең өңдеу зауыты, Астрахан ауданында диірмен кешені сияқты ірі нысандардың құрылысы басталады.
Астанада инвесторларды тартумен және оларды сүйемелдеумен айналысатын «Aqmola Inves»t фронт-офисі жұмыс істейді. Аршалы ауданында «Aqmola», Көкшетауда «Кокше Индастри», Целиноград ауданында «Қоянды Индастриал Парк» индустриялық аймақтары құрылған. Инвесторларға дайын инфрақұрылым мен өндіріс орналастыру үшін қолайлы жағдайлар ұсынатын бұл алаңдарда инвестициялық жобаларды таңдау және орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік коммуникациялардың (электр, су, газбен жабдықтау, автожолдар, теміржол желілері) болуы отандық және халықаралық инвесторлар үшін тартымдылықты арттырады.
Индустриялық аймақтарды дамыту және ірі жобаларды жүзеге асыру мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Салық түсімдерінің өсуі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға, аумақтарды абаттандыруға және инфрақұрылымды дамытуға қосымша ресурс береді. Сондай-ақ жаңа өндірістердің іске қосылуы логистикаға, сервистік қызметтерге және техникалық қызмет көрсетуге деген сұранысты арттырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырады.
Кешенді инвестициялық саясаттың арқасында Ақмола облысы бизнес жүргізуге қолайлы өңірге айналып, ірі жобаларды жүзеге асыру тұрақты экономикалық өсімге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.