Қазақ «бесік тербеткен үйде береке бар» деп жаңа туған нәрестені бесікке бөлеген. Бесікке немқұрайды қарамай, бетін ашық тастамай, кие тұтқан.
Тіпті, әкесі жатқан бесікке кейін балаларын да бөлеп, мұра ретінде келер ұрпаққа қалдырып отырған. Заман ауысқан сайын бесікке деген адамдардың түсінігі де өзгергендей. Қазір қасиет тұтқан бесігіміз қараусыз қалды. Кейбір жұрт керексіз санап, қоқысқа тастап та жүр. Біз қаладағы қазақтың шаңырағынан бесік іздедік…
Бесікке бөлеп, өкініп қалған
Қазір бесіктің де түр-түрі көбейіпті. Смарт бесік, жинамалы бесік, ағаш бесік арасынан өзіңізге керегін таңдап алуға болады. Бағасы да әртүрлі. Біз бесік іздеп, интернет дүкендерге де хабарласып көрдік. Смарт бесіктің бағасы 80 мың теңгеден, ал жинамалы бесіктің бағасы 45 мың теңгеден басталады екен. Бесіктің ішкі жабдықтары безендірілуіне қарай 30 мың теңгенің айналасында.
– Біз экологиялық таза, сапалы, ұлттық нақышта заман талабына сай бесік жасап жүрміз. Бесіктің бағасы қол арбадан әлдеқайда арзан. Бірақ, сұраныс аз. Көбіне сәбидің нағашылары «бесік тойға апарамыз» деп алады. Әсіресе, оңтүстік, батыс өңірлерден тапсырыс жиі түседі, – дейді біз хабарласқан бесік жасаушы шебер Арыстан Асхатұлы.
Дегенмен, ғаламтор бетінде жаңа бесікпен қатар ескі бесіктердің де жарнамасы қаптап тұр. Бір рет қолданыста болған бесіктің бағасы – 15 мың теңге екен. Тіпті, қажетіңізге жаратсаңыз, тегін беремін дегендер де бар. Солардың бірі – Шолпан Байсұлтанова. Екі баланың анасы тұңғышын бесікке бөлеп, қателік жасағанын айтты.
– Бірінші балам қырқынан шыққан соң бесікке салдық. Алғаш ана атанғанда тәжірибем аз еді. Ұлым бесікте жатқанда шырылдап көп жылайтын. Біз түнімен тербетіп, ұйықтатып тастап жүрдік. Сөйтсек, баламның жамбас дисплазиясы бар екен. Бұл диагнозды үш айдан кейін білдік. Кейін массаж жасатсақ та, ұршығы орнына келмеді. Қазір аяғын қисық басып жүреді. Ал, екінші баламды бесікке салған жоқпыз. Үйдегі бесік жап-жаңа. Бос тұрғанша керек еткен жанға берейін дедім, – дейді Шолпан Байсұлтанова.
Оның айтуынша, баланы бесікке бөлеп, қымтап тастағаннан денесіне түрлі бөртпе шығып кетеді. Баланы кішкентайынан аяқ-қолын ашық ұстап, еркін өсірген дұрыс. Бесікке ұзақ жатқан сәбидің жауырыны жабысып қалады. Ал, оны ашу кез келген адамның қолынан келмейді.
– Қазір баланы бесікке бөлеп қажет емес деп ойлаймын. Көбі «бала тыныш ұйықтайтын болады» деп айтады. Ұйықтаса ұйықтайтын шығар бірақ, баланы қымтаған дұрыс емес. Бәрібір сәбидің бос жатқаны жақсы. Бесікте тербеткенде миы шайқалуы мүмкін. Бір жағынан, бала көп жатса басының формасы өзгеріп, жалпиып калады. Ол болашақта баланың дамуына кері әсерін тигізеді, – дейді жас ана Гаухар Жарқынова.
Жамбас дисплазиясы көбейген
Педиатрлар да бесікте ұзақ жатқан баланың жауырыны жабысып, түрлі ауруға шалдығатынын алға тартты. Сондай-ақ баланы бесікке қатты бөлеп қою, омыртқа иілістері дұрыс қалыптаспай қалуына әсер етуі мүмкін. Қазір бұрынғыдай емес үй температурасы да жоғары. Ал, оранып жатқан сәби көп терлесе, рахит ауруына шалдығуы ықтимал. Екіншіден, бесікке жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмағандықтан басы үлкейіп, аяғының ұршығы шығып кетеді. Қазір «дисплазия» ауруына шалдыққандар жетерлік. Демек, бесікке таңылған баланың жамбас буыны ішіндегі сүйек дұрыс жетілмейді деген сөз. Үшіншіден, бесікке бөлеген баланы тербету арқылы біз оны талдырып тастап жүрміз. Баланы былай қойып, ересек адамның аяқ-қолын байлап, тербетсеңіз басы айналып, талып қалар еді.
– Бесік балаға ертеректе жақсы болғаны рас. Киіз үй, ортада ошақ, әйел адам далаға шаруаларымен жиі шығатын. Баланың өміріне қатер туғызбай, жылы жерде жатуына бесік ыңғайлы еді. Сәбиді 2 жасына дейін бесікке бөлейтін. Ал, қазір ананың толықтай баласына қарауына барлық мүмкіндік бар. Соңғы кезде жамбас дисплазиясы диагнозы жиі кездеседі. Әсіресе, бесікке жататын балалардың ұршықтары дұрыс дамымай немесе орнында тұрмайды. Сондықтан нәрестені қатты орамай, бос ұстаған дұрыс. Аяқ-қолын құрсақта жатқан кездегідей бүгіп жатуына мүмкіндік туғызу қажет. Педиатордың ғана емес, ортопедтердің де пікірі осындай, – дейді балалар дәрігері Матай Есенғалиқызы.
Педиатордың пікірін балалар массажының маманы Махамбет Нұрмаханбет те растап отыр. Оның айтуынша, бесікті памперс жөргектерімен салыстырсақ, баланың тазалығы мен гигиенасына бесік жақсырақ. Бесікте жатқан баланың бұты жиі аллергиямен қызармайды және тұз да жиналмайды.
– Алайда, бала бесікте таңнан кешке дейін ұзақ жататын болса, екі жамбасын қатты қысып тастаса, қан айналымы жүрмей, баланың ұршығы кеш дамиды. Жалпы, дені сау баланы бесікке жатқызғанның ешқандай зияны жоқ. Тек бас сүйек қысымы, жамбас дисплазиясы болса, бесікке бөлеуге болмай-ды, – дейді Махамбет Нұрмаханбет.
Бесіктің қадіріне жете алмай жүрміз
Бүгінде бесікті сирек қолданғандықтан, «Бесікке бөлеу», «Бесік жыры», «Тыштыма» секілді ұлттық салт-дәстүріміз де күн санап жоғалып барады. «Қазақ аналары» жобасының негізін қалаушы, «ағайынды Жүгінісовтердің» анасы Айнұр Жүгінісова балалары мен немерелерін бесікке бөлегенін, одан ешқандай зиян көрмегенін айтты.
– Бесіктің қалай жасалатынын «зиян» деп жүргендер білетін болса, қазіргі балалар арбасы қолданыстан біржолата қалар еді. Өйткені, арба әртүрлі ерітілген пластиктен жасалса, бесік таза ағаштан жасалады. Бесікті жырдың ырғағымен тербетіліп тұратын механизммен жасаған. Көбі бесікте жатқан баланың «басы шайқалып қалады» дейді. Менің ойымша, баланың миы бесіктен емес, арбадан шайқалып қалады. Себебі, арбада тепе-теңдік жоқ. Қол-аяғын кішкентайынан бос жіберген бала кейін агрессивті болып өседі. Ал, бесікке жатқан бала сабыр мен шыдамды бойына сіңіріп, сергек болып ержетеді. Кеудесі жабулы, жылы жатқан бала көп аурушаң да болмайды. Ал, еркін жатқан бала, өз қолынан өзі шошығыш болады. Арба мен төсектен құлап, жарақат алған қаншама бала бар. Мен де балаларым мен немерелерімді еңбектегенше бесікке бөледім, – дейді Айнұр Жүгінісова.
Бүгінгінің аналары жан тыныштығын ойлап, баласын бесікке жөргекпен де бөлеп жүр. Ал, тағы бірі сәбиінің кіндігі түспей бесікке таңуға асығады. Қайсысы дұрыс екенін «Қазақ аналары» жобасының негізін қалаушыдан сұрап көрдік.
– Сонда бесіктің шүмегі мен түбегі не үшін жасалған? Еріншек аналар түбекті тазалауға қиналып, баланың обалына қалып жүр. Қазақ ешқашан сәбиді жөргекпен бесікке бөлемеген. Иә, біреулер баланы қырқынан шыққаннан кейін бөлесе, енді біреулер баласы туа салып бөлейді. Негізі баланы кіндігі түскеннен кейін бөлеу керек. Өйткені, бала басында қолға ұстағанға үйреніп алса, кейін бесікке жатпай қояды, – дейді Айнұр Жүгінісова.
Этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, дәрігерлердің баланы бесікке бөлеуге қарсы болуына бесіктің экологиялық таза ағаштан жасалмайтыны себеп болып отыр. Бұрын шеберлер бесікті кепкен тал ағашынан, яғни жеңіл ағаштан жасайтын, яғни экологиялық таза бұйым. Қазіргі базардағы бесіктердің салмағы ауыр, себебі сату үшін кеппеген ағаштан жасайды, сырлайды. Бұрынғының бояуы да табиғи, охра не жоса еді.
– Бұған қоса, қазіргі адамдардың басым бөлігі көпқабатты, құрылысына цемент пен бетон қолданылатын үйде тұрады, яғни қазіргі тұрғын үйлер экология таза орта болып саналмайды. Бесікті жапқышпен жапқан кезде балаға ауа дұрыс жетпейді. Қазіргі бесіктің ішіне мақта салынған мамығын да таза экологиялық масаты, шұға, шыт матадан емес, «велюр» сияқты құрамында синтетика аралас матадан тігіп сатады. Салдарынан бесіктегі бала терлейді, термен бірге денедегі су кетеді, – деді профессор Тәттігүл Қартаева.
Қазір бесікке салар тойда келін төркінінің, яғни жаңа туған баланың нағашылары бесік әкелгенін көріп жүрміз. Этнографтың пікірінше, бесік – атадан балаға мұра болып келе жатқан дүние. Бұрын әкесі бөленген бесікке баласы, ағасы, әпкесі жатқан бесікке қарындасы бөленетін. Ал, қыздың шешесінің бесік апаруы ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ жерінің оңтүстік өңірінде қалыптасқан. Бұл осы өңірде өзбек ағайындармен көршілес қонудың этномәдени әсерінен туындаған. Қазақ елінің батыс өңірінде, Сырдарияның төменгі ағысы – Қазалы мен Аралда бесік әлі де мұрагерлікке беріліп келеді, нағашыларынан бесік қабылдамайды.
– Бесікке салу бұрындары тек әйелдер атқаратын отбасылық, әулеттік ғұрып болған, яғни үйде, өз шаңырағында, отының басында атқарылды. Қазір тойханаға бесікті апарып, тойханада салу орын алып келеді. Бесік қасиетті дүние, сол қасиетті дүниені «тойханаға» тасу дәстүрлі танымызға қайшы келеді. Тіпті, «бесік тойға» ер адамдың баруы етек алды. Ертеде күйеуге шыққан қыз балалы болғаннан кейін арнайы «төркіндеп барып» баласына малмен берілетін «жиен сыбағасын» алып қайтқан, қазіргі нағашыларының «бесік тойға» кәде апаруы, сол өткен ғасырда туындаған өзгерістермен бірге қалыптасып, қазір асыра сілтеушілікке айналды, – дейді Тәттігүл Қартаева.
Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз бір сөзінде: «Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған» дейді. Алайда, бүгінде бесік бала ұйықтайтын киелі мәртебесінен түсіп, тойханада нағашы абыройын көтеретін бұйымға айналып қалғаны өкінішті…