Алматыда заманауи, көпфункционалды Достық үйі салынады

0 1

«Әралуандықтағы бірлік» қағидатын жүзеге асыруда Алматыға ерекше жауапкершілік жүктелген. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық филиалының сессиясында айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның 34-сессиясында қойған міндеттерін орындаудағы негізгі бағыттарға тоқталды.

Әкімнің айтуынша, Алматы – еліміздің ең ірі қаласы әрі этномәдени өзара ықпалдастықтың тарихи орталығы. Сондықтан ұлттық бірлікті дамытуда шаһардың рөлі ерекше. Қаланың этникалық әртүрлілігі, мәдени және білім беру әлеуеті жоғары деңгейде екенін ескере отырып, бұл ерекшеліктер ұлттық бірліктің үлгісін одан әрі дамытуға берік негіз бола алады. Ол әрбір алматылық өзін біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі ретінде сезініп, ел дамуына белсене қатысуы тиіс екенін атап өтті.

Дархан Сатыбалды Алматыда жаңа, заманауи және көпфункционалды Достық үйін салу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Себебі қазіргі ғимарат заман талабына сай келмейді және қоғамдық-мәдени әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның 34-сессиясында қоғамдық келісім инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Осыған байланысты Алматыдағы жаңа Достық үйі мәдени өмір мен туризмнің тартылыс орталығына айналуы тиіс. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша тиісті басқармалар қысқа мерзімде жаңа нысанға арналған орын таңдап, тұжырымдамасын әзірлеуі қажет.

Сессияда Ассамблеяның ақпараттық кеңістіктегі рөліне де ерекше назар аударылды. Этносаралық құрмет, тіл және мәдени әралуандық тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде көрініс табуы керек. Әкімнің айтуынша, Ассамблеяның журналистер клубы республикалық және өңірлік жетекші БАҚ өкілдерінің қатысуымен белсенді медиаплатформаға айналуы тиіс. Сондай-ақ этникалық медиадағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар арқылы қолдау тетіктері қарастырылып жатыр.

Жастар арасында бейбіт диалог мәдениетін нығайту және жанжалдардың алдын алу мақсатында Достық үйінің базасында этномедиация бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар Ассамблеяның Медиация кеңесі және Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматыда этностардың театр өнері фестивалі өтпек. Мәдениет басқармасына бұл бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп жүзеге асыру тапсырылды.

Дархан Сатыбалды әртүрлі этностардың қазақ тіліне деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Қалада мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндерге арналған тегін тіл клубтары мен онлайн платформалар жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктерге өз өкілдерін қазақ тілін меңгеруге үндеу жасалды. Сонымен қатар, Тілді дамыту және ономастика бөліміне тілге деген құрметті арттыруға бағытталған ақпараттық науқан ұйымдастыру және этносаралық араздыққа жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Қоғамдық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қала аудандарының әкімдіктеріне этникалық топтар тығыз орналасқан аумақтарда тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізіп, Ассамблея құрылымдарымен өзара іс-қимылды арттыру міндеттелді.

Сессия соңында Дархан Сатыбалды «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталды. Бұл бастаманың азаматтық жауапкершілік пен туған қалаға деген сүйіспеншіліктің көрінісі екенін атап өткен әкім Ассамблея мүшелерін көгалдандыру, көркейту және экологиялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Ол Президент тапсырмаларын жүзеге асырудағы бірлескен жұмыс Алматыда қоғамдық келісім мен орнықты дамуды нығайта түсетініне сенім білдіріп, Ассамблея мүшелерінің барлық сындарлы ұсынысы ескеріліп, мүмкіндігінше қолдау табатынын жеткізді.