Алматылықтар Қала күнін дәстүрлі түрде қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтеді. Биылғы мерекелік бағдарламалар Астана алаңындағы концертпен басталды.
Алматылықтарды және мегаполис қонақтарын мерекемен қала әкімі Дархан Сатыбалды құттықтады.
– Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің жаңа дәуірі басталған шаһар. Алматының басты құндылығы – оның тұрғындары. Сіздердің еңбектеріңіз, бастамашылдықтарыңыз бен белсенділіктеріңіз қаламызды жарқын әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналдыруда. Біз Алматыны заманауи, жайлы әрі өркендеген қала ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Солардың ішінде экологияға, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына айрықша мән берілуде, – деп атап өтті қала басшысы.
Бұл міндеттерді орындау үшін қалада бес негізгі даму бағыты айқындалған. Олар – көлікті жаңғырту, экологияны жақсарту, бизнесті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындармен ашық диалогты нығайту. Бұл басымдықтарды жүйелі жүзеге асыру Алматыны шынымен жасыл, қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы мегаполиске айналдырады.
Қала әкімі мерекелік іс-шара кясында Alma Fest–2025 фестиваліне қатысты. Тұңғыш Президент саябағында өткен мерекеде фермерлер 100 тоннаға жуық алма әкелді. Қонақтар сүйікті сорттарының дәмін татып, түрлі көрмелер мен ұлттық дәстүрлерге толы іс-шараларға қатысты. Саябақ аумағы дәстүр бойынша егін мен мәдениеттің үлкен мерекесіне айналды. Мұнда алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі, гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі және ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылды.
Жалпы Қала күні аясында барлық ауданда экологиялық акциялар, жәрмеңкелер, флешмобтар, кітапханаларда әдеби кештер және мұражайларда тақырыптық көрмелер, спорттық жарыстар мен басқа да мәдени әрі қоғамдық іс-шаралар өтті. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды.