Алматы – инвестицияға қолайлы қала

0 3

Алматы қаласында инвестиция тарту және инвесторларды қолдау жөніндегі «Almaty Business Development Company» ұйымының бастамасымен инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсететін маңызды іс-шара – Ашық есік күні өтті. Кездесу кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар үшін өзекті мәселелерді тікелей қала басшылығымен талқылауға мүмкіндік берген тиімді диалог алаңына айналды.

Инвесторларға кеңес беру, қаладағы инвестициялық жобалар туралы толық ақпарат беру және қолдау шараларымен таныстыруды мақсат еткен Ашық есік күні өңдеу өнеркәсібі, туризм, денсаулық сақтау, креативті индустрия сынды басым салаларға ерекше назар аударылды.

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Алишер Сатыбалдиевтің айтуынша, қазіргі таңда қалада 3,5 триллион теңгеден астам қаржыға түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көш бастап тұр. Ағымдағы жылы бұл салада 45 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.

Қалалық әкімдік жанынан құрылған «Almaty Business Development Company» кеңсесі бүгінде толыққанды фронт-офис ретінде қызмет етеді. Мұнда архитектура, қала құрылысы, техникалық шарттар сынды күрделі мәселелер бойынша кәсіпкерлерге жоғары білікті мамандар кеңес береді. Бұл – қалада инвестициялық ортаға жасалып отырған қолайлы жағдайдың бір көрінісі.

– Қала тұрғындарын да мемлекеттік қаржылық және қаржылай емес қолдау шараларына белсенді тарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта әр сенбі сайын «Almaty Business Development» кеңсесінде түрлі сала мамандары жиналып, жобасын бастағысы келетін азаматтарға бағыт-бағдар береді, – дейді Алишер Сатыбалдиев.

Инвесторлар үшін ұсынылатын негізгі қолдау тетіктерінің қатарында «ДАМУ» қоры арқылы кешенді қолдау (жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, 85 пайызға дейін банктік кепілдік) және «Almaty Finance» және «Алматы» МҚҰ бар. Бұл қалалық қаржы институттары арқылы 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 500 миллион теңгеге дейін қаржыландыру көзделген. «Алматы» МҚҰ тарапынан жеке және заңды тұлғаларға 1–70 миллион теңге көлемінде несие ұсынылады.

Бұдан бөлек, өткен жылы қала әкімдігі тарапынан инвесторларды қолдау мақсатында 50,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл – инвестициялық жобаларды нақты жүзеге асыруға арналған тікелей қаржылай қолдау.

2023 жылы инвестицияларға бағытталған арнайы компанияның құрылуы және 2024 жылы 2 триллион теңге инвестиция тарту жоспарының орындалуы – қаладағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ал, 2025 жылға қойылған мақсат – 2,2–2,4 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту. Бұл бағытта тау кластерін, өңдеу өнеркәсібін және цифрлық секторды дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

Алматы қаласы – тек мегаполис қана емес, бизнес пен инвестиция үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы да. Қолайлы инфрақұрылым, нақты қолдау тетіктері және ашық диалог – инвесторлар үшін сенімді орта қалыптастырады. Қала әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, инвестициялық климатты одан әрі жақсартуға ниетті.