Ақтөбеде жоғары гуманитарлық колледжінің студентері құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесті. Бұл іс-шара облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті.
Кездесуге Ақтөбе облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Манарбек Қойшыбаев, Ақтөбе облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Жүніс Какимов және облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин және жастар қатысты.
Спикерлер жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңдарды орындау және қоғамдық тәртіпті сақтау керектігін жеткізді.
Жүніс Какимов заңға бағыну мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызды екендігіне тоқталып, өңірдегі қылмыстық ахуалға қысқаша талдау жасады. Және есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың артқанын атап өтті.
— Облыс аумағында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты биыл 41 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70 пайызға өсіп отырғанын көрсетеді. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасында есірткі қылмыстары тіркелген жоқ. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді, — деді ол.
Аталған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шыңғысхан Түменбай оқу орнында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті.
— Білім алушылар арасында буллинг, кибербуллинг, құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыптарында тренингтер, кездесулер, ашық форматтағы сұқбаттар жиі өткізіледі. Біз балаларға мұндай әрекеттердің зияны мен салдарын үнемі түсіндіріп, ескертіп отырамыз. Қазіргі таңда колледжімізде құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл — ата-аналардың балалардың тәрбие жұмысына жауапкершілікпен қарауының, оқу орнының әрбір жасты мұқият қадағалап, алдын алу шараларын жүйелі жүргізуінің нәтижесі, — деді ол.
Іс-шара соңында қонақтар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, маңызды тақырыптар бойынша ой бөлісті.