Алдаудан абай болыңыз!

0 5

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында: «Соғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адамдар интернет-алаяқтардан зардап шегуде» деп, кейінгі кезде жұртқа ақыл айтып, ақша табатын психологтар мен «коучтар» көбейіп кеткеніне, оларға сеніп, алданып қалғандар қатары артып жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс», деп құзырлы органдарға нақты міндет жүктеді.

«Алаяқтық дегеніміз – ерте заманнан  бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпартаттық  технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген  интернет алақтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру  секілді жымысқы әрекеттерге барады. Бүгінде интернет алақтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өсуде», дейді Алматы облысынан Гауһар Тұсынқожа әлеуметтік желідегі «Интернет алаяқтары көбейіп барады» атты мақаласында.

Мемлекет басшысынан бастап, барша жұртшылықты алаңдатып отырған алаяқтыққа қарсы күреспен құқық қорғау органдарымен қатар, барша жұртшылық болып күрескенде ғана тосқауыл қойылады. Қоғамды алаңдатып отырған қылмыстың бұл түрінен сақтану туралы құқық қорғау органдары, қаржы институтары, банк қызметкерлері, басқа да тиісті орындар халықты сақтандыру туралы мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын аз жүргізіп жатқан жоқ. Әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын жастар арасында – арнаулы орта және жоғары оқу орындарында  түрлі жиындар, «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілуде.

Жақында осындай іс-шараның бірі Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде өтті. Жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және есірткі заттарын тұтынудың алдын алу мақсатында өткен кездесуге Талас ауданы прокуратурасының аға прокуроры Д.Құттыбаев, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық бойынша аға инспектор, полиция майоры М.Ахметов, полиция капитаны Қ.Махамбетов және колледждің бөлім меңгерушісі А.Құралбаев қатысты.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қолға алынған іс-шарада прокурор Д.Құттыбаев жасөспірімдердің оңай және көп ақша табуға ұмтылысы көп жағдайда олардың келешегін «құрдымға кетіретінін» алға тартып, күн тәртібіне шығарылып отырған мәселеге тоқталып өтті. Білімгерлермен қатар, ата-аналар комитетінің қатысуымен өткізіліп отырған шараға қатысушылар назарына қысқа бейнебаян ұсынылып, оған құқықтық тұрғыда түсініктеме берілді. Жазғы каникул кезінде әлеуметтік желіде жастарға жоғары жалақы ұсынып, жұмысқа шақыратын хабарландырудан сақ болуға шақырды. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны да ескертілді.

Қ.Махамбетов әлеуметтік желде интернет алаяқтықтың күн санап көбейіп жатқанын да мәлім ете келе, алаяқтықтың түр-түрін жіктеп, кейінгі кезде түрлі инвестициялық қорларға капитал салу туралы жалған жарнамаларға (Премьер-Министр Олжас Бектенов пен «Каспий банк» құрылтайшысы Михайл Ломтадзенің түр-түсін пайдалну арқылы) сену опық жегізетінін жеткізіп, мұндай қылмыстың «құрығына ілінген» жағдайда шұғыл түрде аудандық полицияға хабарласу қажет екенін еске салды.

Оқушылар үшін жазғы демалыс басталды. Жазғы сынақ тапсырған соң, білімгерлер де демалысқа шығады. Былайша айтқанда  мектептен уақытша  «қол үзген» оқушылар үшін ата-аналарға жүктелер жауапкершілік жүгі жаздың үш айы бойы еселеп артады. Баланың үйде телефонмен «ойнап» отырғанда немен айналысып отырғаны бір сәт те назардан тыс қалмауы тиіс. Тіпті, әр ата-ана балаға телефон беруді мүмкіндігінше шектеп жатса, қане. Бала түгілі үлкендерге дейін алаяқтардың құрығына «ілініп» жатқанда оқушы түгілі, ата-ананың өзі де «банктен еді» деп хабарласатындарға немесе бөтен нөмірден түсетін қоңырауға жауап беруге болмайтынын құқық қорғау органдары да, банктер де айтудай-ақ айтып жатыр. Қалай болғанда да кім-кімге де қырағылық қажет.