Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен биылғы жартыжылдық жұмысты қорытындылау мақсатында отырыс өтті. Онда аймақ басшысы өткен алты ай Алматы облысы үшін елеулі әлеуметтік және экономикалық жетістіктер кезеңі болғанын атап өтті.
– Барлық негізгі салаларда оң динамика сақталды, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жаңа мектептер салу және автомобиль жолдарын жөндеу жалғасуда, өңірдің инвестиция тарту мүмкіндігі артуда. Дегенмен, алда көптеген міндет тұр. Олардың ішіндегі ең бастысы –экономиканың өсу қарқынын сақтау, өңір халқының өмір сүру сапасын жақсарту, – деді өз сөзінде Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өңірдің қазіргі жағдайы мен даму жолына талдау жасады. Ол қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 108,2 пайызды құрағанын, бұл өңірге республикада 5-ші орынды иеленуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Өңір экономикасының көтерілуінде ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптің үлес зор екенін айтты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 21 пайызға артқанын жеткізді.
Өңдеу өнеркәсібінде жоспарлы көрсеткіштер 3,6 пайызға өсті. Металл бұйымдарының, электр жабдықтарының, қағаз өнімдерінің және жеңіл өнеркәсіптің өндірісі артты. Осындай оң үрдіске қарамастан, химия өнеркәсібінің, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірудің және 18 жүйе құраушы кәсіпорынның бесеуінің көрсеткіші төмендеп кеткен. Жағдайды жақсарту үшін кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мысалы, мемлекет кәсіпорындарға қосымша энергетикалық қуаттарды алуға қолдау көрсетеді, бұл болашақта олардың өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік береді. Осылайша, «Азия Агро-Фуд» зауыты қытайлық компаниялармен дайын өнімді жеткізу бойынша екі ірі келісімшартқа қол қойып, оның өндірістік жүктемесін 50 пайыздан 75-ке дейін арттырды. Зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жаңа қосалқы станса салу жоспарлануда. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 205 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасының өз деңгейінде жүзеге асуына басты назар аударылуда. Өйткені, жеңілдетілген несие алу ауыл тұрғындарының өз ісін бастауына мүмкіндік ашады.
Аймақтың құрылыс саласында да тұрақты өсім байқалуда. Бірінші жартыжылдықта жыл бойына жоспарланған 900 мыңнан астам шаршы метрдің 600 мың шаршы метрі салынды. Әлеуметтік осал топтар үшін 21 миллиард теңгеге 1304 пәтер сатып алу жоспарланған. Алайда құрылыс жұмыстарының көлемі Кеген, Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласында төмендей түскен.
Рустам Исатаев баяндамасында атап өткеніндей, жалпы оң үрдіске қарамастан, кейбір аудандар экономикалық өсу бойынша жоспарлы 6 пайыз көрсеткішке қол жеткізбеген. Осыған орай аталған аудандар мен қала әкімдері барлық ескертуді ескеріп, жоспарды орындау үшін шара қабылдауы қажет.
Облыста жұмыс орындарын құруға барынша назар аударылуда. Жыл басынан бері 24,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жоспарланған көрсеткіштің 40 пайызын құрайды. Бірақ Ұйғыр, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласы жоспарланғаннан төмен нәтиже көрсетуде.
Отырыста жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Ол үшін бюджеттен 8,3 миллирад теңге бөлінген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов мәлімдеді. Ол жылумен жабдықтау нысандарына жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, отын сатып алуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы халықтың көмірге деген қажеттілігі 714,3 мың тоннаны құрайды. Онымен қамтамасыз етуде көмір кен орындарымен келісімшарт жасалған. Биыл 43 қазандықты жөндеу жоспарланған.
Облыс әкімінің маңызды тапсырмаларының бірі – әлеуметтік бағыттағы нысандарды табиғи газға ауыстыру және 361 автономды қазандықты көппәтерлі үйлер мен басқа мекемелерден шығару болды. Бұл Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарына қатысты. Биыл 37 білім беру және 3 денсаулық сақтау нысанын газға ауыстыру жоспарланған.
Халықты таза сумен қамтамасыз ету бойынша 55 сумен жабдықтау жобасын іске асыруға 19,5 млрд теңге бөлінген. Ұлттық жоба шеңберінде 2 қалада және 79 ауылдық елдімекенде желілерді қайта жаңарту жоспарлануда.
– Барлық жоба аяқталғаннан кейін бір жарым мың шақырымға жуық желі салынып, қайта жаңартылады. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 47 пайызға дейін төмендейді. 2025 жылға дейін ауылдық елдімекендерді орталықтандырылған сумен толықтай жабдықтау көзделген.
Энергия тапшылығын шешу үшін Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде «Алма 500» және «Робот» қосалқы стансаларына 5 қосалқы станса салу пысықталуда. Алматы қаласының агломерациясын дамытудың кешенді жоспары аясында 8 қосалқы станса салу және жұмыс істеп тұрған 2 қосалқы стансаны кеңейту көзделуде, – деп атап өтті Нұржан Құдайбергенов.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева «Жайлы мектептер» жайына тоқталып, 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі қажет 9 нысанға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Ол мектептердің құрылысы бақылауда екенін, алайда нысандар белгіленген уақытта тапсырылуы үшін жұмысшылар мен техниканың санын көбейту қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ отырыста денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар телемедицинаны белсенді енгізу, жылжымалы медициналық кешен және жалпы УДЗ, маммография, КТ және басқа да тексеру аппараттарының қызметін кеңейту жағы айтылды. Медицина саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету жайы да күн тәртібінен түспек емес.
Отырысты қорытындылаған Марат Сұлтанғазиев барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Жаңа нысандар салудың орнына дайын инженерлік желілері бар бос ғимараттарды пайдалануға кеңес берді. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жұмыс жүргізу қажеттігін, ол экономиканың кез келген саласында көптеген мәселені шешудің тиімді тәсілі болып табылатынын алға тартты. Осы негізде жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлердің бар екенін, бірақ келіссөздер көбіне аяқсыз қалатынын сынға алды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына жұмыс істеп тұрған бизнес өкілдері де белсенді қатысуы керектігін еске салды. Мысалы, бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларының иелері аталмыш бағдарлама арқылы мал басын көбейтуге қол жеткізе алатынын айтты. Бұл әсіресе Балқаш ауданына қатысты, онда қолда бар бордақылау кешендерінің жүктемесі мен жалпы көрсеткіш төмендеп кеткен.
Облыс әкімі Қонаев қаласы мен Жамбыл, Талғар аудандарында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша салық түсімдерін ұлғайту қажеттігіне тоқталды. Балқаш, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының әкімдеріне көтерме сауданы көтеруді тапсырды. Аудан, ауыл әкімдеріне мемлекеттік саясатты дұрыс жүзеге асырып, тиімділігі мол бағдарламалардың шарттарын халыққа түсіндіруде жүйелі жұмыс істеп, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірдің әлеуетін көтеруге қызмет етуі қажеттігін баса айтты.