Алатау қаласында байланыс сапасын арттыру және интернеттің қолжетімділігін кеңейту бағытында маңызды қадам жасалды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті өңірге арнайы жұмыс сапарымен келіп, 5G желісінің алғашқы базалық стансасын іске қосты. Бұл оқиға — аймақтың телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртудың жаңа кезеңін ашты.
Сапар барысында комитет өкілдері Алатау қаласы әкімдігі мен байланыс операторларымен бірлесіп, «Заречный» және «Жетіген» шағын аудандарында, сондай-ақ «Алматы–Қонаев» автожолында болып, байланыс сапасын тексерді. Негізгі мақсат — қала маңы мен шалғай елді мекендерде тұрақты және жоғары сапалы интернет сигналын қамтамасыз ету. Жаңа 5G базалық стансасын «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы іске қосты. Мамандардың айтуынша, бұл желі деректерді бірнеше есе жылдам жеткізуге мүмкіндік беріп, тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернет пен заманауи цифрлық қызметтерді пайдалануға жол ашады.
Сапар қорытындысында Алатау қаласы әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтті. Кездесуде 5G инфрақұрылымын кеңейту, мемлекеттік мекемелерді және тұрғын үй массивтерін сапалы байланыспен қамту, сондай-ақ өңірдің цифрлық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Биылғы жылдың соңына дейін Алатау қаласындағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Бұл оқушыларға заманауи онлайн білім ресурстарын пайдаланып, қашықтан оқу мүмкіндігін арттырады.
Жиын соңында 2025–2027 жылдарға арналған Алатау қаласын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжатта байланыс желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, жаңа инфрақұрылым салу және әлеуметтік нысандарды интернетке қосу жұмыстары қамтылған.
Алатаудағы бұл бастама — еліміздің цифрлық дамуы мен жаңа технологияларды өңірлерге теңдей жеткізуге бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.