Алашұбар тіл – алаңдатар шындық

0 4

Қазақ тілі әлемдегі ең бай да әдемі тілдердің бірі. Оны тек қазақ қана емес, тілімізді зерттеген әлем ғалымдары да мойындап кеткен. Ана тілінің жанашыры ретінде тіл тағдырына бейжай қарай алмаймын. Қазақ тілінің тарихы, осы заманға дейінгі тағдыры туралы жиі ізденіп, оқып жүремін. 

Сөз басын қазақ тілінің құдіреттілігін әлем ғалымдары мойындеп кеткен деген пайыммен бастадым. Ендеше сөздеріме дәлел келтірейін. Мәселен, неміс жерінде туып, бар өмірін Ресейде өткізген шығыстанушы Василий Радлов «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды. Қазақтардың кез келгені тіпті, сауатсыздарының өзі, ана тілінде Еуропада байқап жүргеніміздей, тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлейді», деген. Тағы бір батыстық ғалым Платон Милиоранский «Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да оны бірауыздан түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең таза тілдірдің бірі ретінде таниды», деп тілімізге деген таңданысын жасырмаған.

Ал, қазір мемлекетіміз гүлденіп күн өткен сайын дамып жатқан заманда тілімізді ұлықтап, сөзімізді дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Бұрын қалыпты жағдай болып саналған шешендік сөз саптау қабілетін тек кітаптан оқып жүрміз. Себебі, үлкендеріміздің өзі таза қазақ тілінде тілдесе алмайды.

Мемлекеттігіміз үшін ең құнды ана тіліміздің кірме сөздермен былғанып, шала қазақша сөйлеу қанға сіңіп бара жатқандығы қынжылтады. Рас, қазір мамыражай, бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Алайда, тіл мәселесінің осы бір тыныштықтың астында көрінбей жойылып бара жатқандығы көңілге кірбің түсіріп тұр.

Мұны айтсам өзіме тас атқандай болармын, себебі, өзім де осы буыннанмын. Қазіргі таңда жастардың бойында өзге тілге деген қызығушылықтың жылдан-жылға арта түсуі де тілдің шұбарлануына әкеліп соқты. Бұл жердегі мәселе – ана тілімізді қолдану, пайдалану барысында жиі кездесіп отырған көлеңкелі көріністер. Атап айтқанда, жастардың кейбір кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланулары және оған тез бейімделіп кетулері. Жастар арасында көп қолданылатын, құлаққа жағымсыз естілетін тілдік элементтердің тағы бірі – жаргон, сленг сөздер. Жанға бататыны – көпшілік жастар мұны дәреже көреді.

Ауызекі сөйлеу мәнерінде кездесетін орашолақ, орынсыз сөздер мен сөз тіркестері өз алдына, жазу дағдыларында жиі кездесетін мына бір жайттан айналып өте алмаймыз. Қазір барша бұқара бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, хабарласып, хат жазысатын болды. Осы тұста да жауапсыздықтан һәм сауатсыздықтан көз тұнады.

Елімізде киноиндустрия, жекеменшік бизнес, ғылыми сауаттылық, технологиялық өндіріс қарқынды дамып жатыр. Бірақ, осының барлығы шет мемлекеттің тілінде жүзеге асуы да тілдің өзгеруіне әкеліп соғуда. Еріксіз «жастардың бойында тілге құрмет қалмай ма?» деген  сауал туындайды. Көгілдір экран мен ұялы телефонда да дұрыс қолданылмайтын кірме – вирус сөздер қаптап жүр. Бағдарлама, кинолардың да атаулары өзгеріске ұшырағалы тілдік норма сақталмайтын болды. Мысалы, телеарналардағы «ҚЫЗЫҚ TIMЕS», «NIGHT show», «ӘЗІЛ MEN» сияқты  бағдарламалардың алашұбар атаулары туралы не айтуға болады?

Күні ертең халқымыз бір-бірімен дұрыс сәлемдесе алмаса таңғалмаймын. Тілдің деңгейін өзіміз, әсіресе, жастар көтермесек, кім көтермек? Сөздік қоры бай, ғажап ана тілімізді өзіміз қорлап жатсақ қалай төрге оздырмақпыз? Ендеше, жақсылап ойланайық. Бәрі де өз қолымызда!