Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Атап айтқанда Жуалы ауданының Күреңбел ауылдық округінде таза ауызсу жүйесі іске қосылды. Өткен жылы ғана аудандағы Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдарында су жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Енді бұл игі бастама Күреңбел ауылында жалғасын тапты. Осылайша Жуалы ауданындағы 49 елді мекеннің барлығы таза ауызсумен толық қамтамасыз етіліп отыр.
Жаңа жобаны «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Нысан аясында жалпы ұзындығы 42,7 шақырым су құбыры тартылып, 394 ауладағы 2 025 тұрғын таза ауызсуға қол жеткізді.
Сол күні Шу ауданында да аймақ тұрғындары үшін маңызды нысан — «Қант зауыты» шағынауданындағы су жүйелері және су шығару имараттарының құрылысы пайдалануға берілді. Бұл жоба «Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша, «Мелиоратор» ЖШС мердігер ұйымы арқылы жүзеге асқан.
Жоба аясында 84,57 шақырым су желісі тартылып, 1,5 гектар аумақта заманауи су шығару имараттары салынды. Нәтижесінде 1739 абонент, яғни шамамен 7600 тұрғын тұрақты әрі таза ауызсуға қол жеткізеді.
Бүгінде Жамбыл облысында елді мекендердің басым бөлігі таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Мұндай жобалардың жүзеге асуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның» басты ұстанымы – халықтың өмір сапасын арттыру» деген стратегиялық бағытының нақты көрінісі.