Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан үшін 1990 жылдар жаңа кезеңнің басталуы еді. Ел есігі айқара ашылып, сыртқы әлеммен мәдени, саяси, экономикалық, сонымен бірге діни байланыстар орнады. Бұл – бір жағынан оң өзгеріс болғанымен, екінші жағынан түрлі діни ағымдардың да елімізге еркін енуіне жол ашты.
Осы ағымдардың арасында бірден деструктивті сипатын танытқандары болды. Олар жастарымызды ұлттық дәстүрімізге, ата-бабамыз ұстанған діни жолға кереғар идеялармен арбай бастады. Кейбір ағымдар алғашқыда бейкүнә, тіпті пайдалы болып көрінгенімен, уақыт өте келе олардың да шынайы табиғаты ашылып, экстремистік пиғылдары анықталды. Солардың ішіндегі ең белгілісі – «Таблиғи жамағат» қозғалысы. Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешімімен «Таблиғи жамағат» ұйымына ресми түрде тыйым салынған. Өйткені, ұйымның қызметінде экстремизм элементтері, шетелдік орталықтарға тәуелділік, діни мәтіндерді бұрмалау, қоғамның ішкі бірлігіне сызат түсіру белгілері анықталды. «Таблиғ» сөзі араб тілінен аударғанда жеткізу, хабарлау деген мағынаны білдіреді. Ұйым мүшелері өздерін «дінді халыққа жеткізуші» деп таныстырады. Бірақ, олардың діни насихаттағы әдістері мен бағыттары дәстүрлі ислам ілімімен толық сәйкес келе бермейді. Әсілінде «Таблиғи жамағат» Үндістан мен Пәкістанда XIX ғасырда пайда болған «Деобанд» қозғалысының заңды жалғасы болып табылады.
«ДЕОБАНД МЕКТЕБІНІҢ» ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Үндістан мұсылман өркениетінің ең ірі орталықтарының бірі еді. Мұнда ғасырлар бойы мұсылман сұлтандары билік жүргізді, ғылым мен мәдениет дамыды. Бірақ, XVIII ғасырдың соңынан бастап ағылшындар Үндістанды отарлай бастады. 1857 жылы мұсылмандар ағылшындарға қарсы көтеріліс жасады, алайда ол жеңіліспен аяқталды. Көтерілістен кейін ағылшындар мұсылман қауымына қатты қысым көрсетті. Көптеген медреселер жабылды, мешіттер қадағалауға алынды, ғалымдар қуғынға түсті.
Осы кезеңде мұсылмандарды құтқарудың екі негізгі бағыты пайда болды. Біріншісі – білімді сақтау және дамыту. Бұл бағытты ұстанған ғалымдар 1866 жылы Уттар-Прадеш штатындағы Деобанд қаласында «Дарул-улум Деобанд» атты медресе ашты. Бұл медресе кейіннен бүкіл Үндістан мен Пәкістанға ықпал еткен ірі діни мектепке айналды. Олардың басты ұстанымы ханафи мәзһабы негізінде білімді күшейту, мұсылман қауымын бірлікке шақыру болды. Деобанд қаласында жаңа үлгідегі, бірақ дәстүрлі мәзһабқа негізделген медресе ашты. Оның мақсаты – ислам ғылымдарын қайта жандандыру, діндар ғалымдар тәрбиелеу еді. Бұл мектеп кейін бүкіл Үндістан мен Оңтүстік Азияға ықпал етті. Екіншісі – қарапайым халықты имандылыққа шақыру. Бұл бағытты ұстанғандар халық арасында дінге бетбұрыс жасауға тырысты.
Шариғат мәселесінде олар негізінен Ханафи мәзһабын ұстанады. Дегенмен, сенім саласында белгілі бір мектеппен толық шектеліп қалмай, кейде Матуриди, кейде Ашғари көзқарастарына сүйеніп, екеуінің аралығындағы ұстанымды таңдағанын өз еңбектерінде ашық жазып кеткен. Осы себепті олардың сенім жүйесінде бірізділіктен гөрі әртүрлі көзқарастарды ұштастыруға тырысқан ерекшелік байқалады.
Осы күнде біздің қоғамда сенімдік тақырыптарда түрлі пікірталастар туындап жүргені белгілі. Деобанд өкілдері мұндай мәселеде көбіне «бейтарап» бағыт ұстанып, Матуриди мен Ашғари ақидасын да дұрыс деп танып, сонымен қатар Ибн Таймия, Ибн Қайим әл-Жәузия, Мұхаммад ибн Абдулуаххаб секілді тұлғалардың да еңбектерін ескеріп өтеді. Олар үшін бұл ғалымдардың барлығы «әһли сунна» аясында көрініс табады. Бірақ, мұндай «барлығын біріктіру» ұстанымы ғылыми ортада дұрыс болып саналмайды. Деобандтықтар кейбір дәстүрлі діни рәсімдерге өзгеше қарайды. Мысалы, Мәуліт мерекесін атап өтуге, әулиелердің кесенелеріне арнайы зиярат жасауға құптай бермейді. Олар мұны діни тұрғыдан «бидғат» деп түсіндіреді. Сол сияқты теледидар, музыка, сурет секілді заманауи дүниелерге шектеу қояды. Ал, саяси салада діни негіздегі партиялар арқылы белсенділік танытып, қоғамға ықпал етуге тырысқан кездері бар.
«Деобанд» мектебінің ықпалынан «Таблиғи жамағат» пен «Талибан» секілді ірі қозғалыстардың пайда болғаны тарихтан белгілі. Бүгінде осы екі ағым Қазақстанда заңмен тыйым салынған ұйымдардың қатарында. Бұл да Деобанд бағытының саяси және әлеуметтік ықпалының күрделі екендігін көрсетеді. Қазақ қоғамына қатысты айтар болсақ, деобандтықтар біздің халықтың көптеген салт-дәстүрлеріне сын көзбен қарайды. Олар дәстүрлі әдет-ғұрыптың біразын дінге қайшы көріп, «бидғат» деп қабылдайды. Әйелдердің киім киісіне қатаң талап қойып, тұрмыстық қатынастарда өзгеше көзқарас ұстанады. Осы себепті, халықаралық деңгейде де әйелдерге тым қатал қарады деген айыптауларға ұшырап келеді. Деобандтықтар басқа ағым өкілдеріне де біршама сыншылдықпен қарайды. Әсіресе, шииттерге қатысты төзімсіз көзқарас білдіріп, кейбір радикал топтар оларды діннен алыстағандар қатарына жатқызған. Тарихта Деобанд өкілдерінің Барелуи қозғалысымен және шииттермен қақтығыстары болғаны да айтылады.
Бүгінгі таңда да бұл бағыт діни ғана емес, саяси сипатқа да ие. Пәкістан, Үндістан, Бангладеш секілді елдерде олардың ресми партиялары бар. Кейбір әскери ұйымдардың да Деобанд ілімімен байланысты екендігі айтылады. Деобанд мектебі Оңтүстік Азия мұсылмандарының діни және саяси тарихында үлкен із қалдырған ағым. Ол бір жағынан – білім мен тәрбиеге бағытталған, екінші жағынан – саяси сипат алған күрделі қозғалыс болып қалыптасты.
«ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ» ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
XX ғасырдың басында Үндістандағы мұсылман халқы арасында діни әлсіздік күшейді. Намазға салғырт қарау, ислам негіздерін білмеу, дінді тек салт-дәстүр деңгейінде ұстану кең тараған еді. Осындай жағдайда Деобанд мектебінің түлегі, ғалым әрі дін қайраткері Мәуләна Мұхаммед Ильяс Кандеһләуи (1885-1944) халық арасында иманды жаңғыртуға арналған жаңа қозғалыс бастады. 1926 жылы Мұхаммед Ильяс Кандеһләуи «Таблиғи жамағат» атты ұйымды құрды.
Ол бастапқыда халық арасында имандылықты арттыруды, намазға шақыруды мақсат етті. Ұйымның орталығы Үндістан астанасы Дели қаласында орналасты. Кейіннен Пәкістанның Карачи, Лахор сияқты ірі қалаларында бөлімшелері ашылды. Бүгінде бейресми деректерге сүйенсек, әлем бойынша бұл жамағаттың 40-80 миллионға дейін мүшесі бар. «Таблиғи жамағат» өкілдері сенімде матуриди-ашғари ақидасын, амалда ханафи мәзһабын ұстанамыз деп мәлімдейді. Олар ханафи ғалымдарының еңбектерін оқығанымен, іс жүзінде дәстүрлі ілімге толық бойламай, діни мәселелерде үстірттікке бой алдырады.
Ұйымның басты ерекшелігі – арнайы уағыз сапарларына шығу. Олар мүшелерін 3 күнге, 40 күнге, тіпті 4 айға ел аралап, үй-үйді аралауға шақырады. Бұл әрекет шариғатта міндеттелмегенімен, олар өз жүйесін діни шарт ретінде енгізіп алған. «Таблиғи жамағат» өздерінің діни ұстанымдарын Деобанд мектебінен алғанын ашық айтады. Сенімде матуриди-ашғари ақидасына, ал амал мәселесінде ханафи мәзһабына сүйенеміз дейді. Шынында да, ханафи ғұламаларының еңбектерін оқып, кейбір тұстарда олардан үйренуге тырысатыны байқалады. Дегенмен, Қазақстандағы дәстүрлі діни жолмен салыстырғанда, бұл ағымның әрекеттерінде шариғатқа қайшы қателіктер өте көп. Соның кесірінен ол елімізде экстремистік ұйым ретінде заң жүзінде тыйым салынды.
«Таблиғи жамағат» негізгі қателіктері – ілімге деген салғырттық. Құранды толық жаттауға, фиқһ, ақида, хадис сияқты негізгі ислам ілімдерін терең меңгеруге ынта танытпайды. Негізгі насихаттары қиссалар мен ойдан құралған әңгімелерге сүйенеді, шындық пен өтірік аралас әңгімелерді алға тартады. Бұл – ислам шариғатының мызғымас дәлелдерімен еш үйлеспейтін ұстаным.
Тағы бір үлкен қателігі – Құран аят тары мен хадистерді өз мақсаттарына бұрмалап қолдануы. Мысалы, «шығу», «жиһад», «аттану» секілді аяттарды дінді үйрену, білім алу немесе қоғамға пайда тигізу үшін емес, тек жамағатқа шығу не белгілі бір дағуат сапарына қатысу деп түсіндіреді. Ал, мұндай тар аяда түсіндіру – шариғат негіздеріне қайшы.
Олардың уағыз сапарлары да сүннетке сәйкес емес. Үш күн, жеті күн, қырық күн, тіпті төрт айға баруды міндеттеу – исламда дәлелі жоқ нәрсе. Мұсылман қай жерде жүрсе де сөзімен де, ісімен де үлгі болып насихат жасауы тиіс. Дінді белгілі бір мерзімге бөліп, уақытпен шектеу – Пайғамбарымыз ﷺ сүннетінде кездеспеген. Сонымен қатар, әлсіз, тіпті жалған хадистерді қолданудан да тартынбайды. Оларды қиссалармен, ойдан құралған оқиғалармен бекіткісі келеді. Алайда, хадисті бұрмалау – Пайғамбар ﷺ атынан жалған сөйлеу, ал бұл ауыр күнәға жетелейді. Оның соңы адасушылыққа апарады.
Тағы бір елеулі мәселе – отбасыға немқұрайды қарауы. Дағуатқа шыққан адам әйелін, балаларын қараусыз қалдырады, ата-ана алдындағы жауапкершілікті де ескермей қояды. Исламда ең әуелі адамның өз отбасына, бала-шағасына, ата-анасына жауапты болуы парыз етілген. Бұл жауапкершілікті аттамай тұрып, басқаны насихаттау – тәртіпке де, дінге де қайшы. «Таблиғи жамағаттың» Пәкістанмен байланысы да тым тығыз. Көп жағдайда төрт айлық сапарларын сол елде өткізеді. «Пайғамбар сүннетін ұстанамыз» деп Пәкістанның ұлттық киімін киіп, өздерін «дағуатшылармыз» деп таныстырады. Бірақ, бұл әрекеттер дінді насихаттаудан гөрі, белгілі бір топқа тәуелділікті көрсететін саяси сипаттағы қадам болып көрінеді. Егер бұл топ тек шынайы дінді үйретуді ғана мақсат етсе, онда олар ел ішінде қалып, медреселерде білім алып, қоғамға пайда тигізуі тиіс еді. Алайда, олардың шетелге тәуелді болып, сырттан нұсқау алуын ислам ғұламалары да, мемлекет те қауіпті құбылыс деп бағалауда.
ҚОС АҒЫМНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?
«Деобанд» мектебі мен «Таблиғи жамағат» сырттай бір-бірімен сабақтас көрінгенімен, мазмұндық жағынан айырмашылығы бар, әрі екеуінің де кемшіліктері айқын. Деобандтықтар өздерін білім мен ілімге сүйенген жүйе ретінде көрсетеді. Алайда, олардың ақидасында тұрақтылық жоқ. Бір жағынан матуриди-ашғари сенімін қабылдағандай болса, екінші жағынан сәләфилік көзқарастарға да бейім екені байқалады. Бұл олардың сенімдік іргетасының әлсіз екенін аңғартады.
Ал, «Таблиғи жамағат» болса, мүлде басқа бағыт ұстанады: олар діни ілімді терең үйренуге шақырмайды, керісінше адамдарды үстірт амалдар мен сапарларға негізделген насихатқа шақырады. Білім мен ғылымнан алыстап, қисса мен әңгімелер арқылы дінді жеткізу – исламның өзегі саналатын ілімге қайшы.
Екеуін біріктіретін ортақ тұсы – дәстүрлі ислам мен қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жоққа шығаруы. Қазақстан үшін бұл ағымдардың таралуы – қауіпті. Себебі, олар жастарды ұлттық болмыстан айырып, дәстүрлі ханафи мәзһабынан алыстатады. Қазақ халқының рухани тірегі – ата-бабамыз ұстанған ханафи мәзһабы. Біз дінді осы жолмен, ұлттық құндылықтарымызбен, тіл мен дәстүрімізбен бірге ұстануымыз керек. Жастарымыздың әртүрлі ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін діни сауаттылық пен рухани бірлік қажет. Қазақстан қоғамындағы діни тұрақтылық – мемлекеттіліктің берік тірегі. Ал, сырттай қарағанда қарапайым, момын көрінетін «Таблиғи жамағат» сияқты ағымдар елдің рухани бірлігіне сызат түсіру қаупін төндіреді. Олар жастардың санасына ықпал етіп, дәстүрлі исламнан алыстатады. Дәл сол сияқты Деобанд мектебінің кейбір ұстанымдары да біздің ұлттық болмысымызға сәйкес келмейді. Ақида тұрғысынан олар кейде Матуриди мен Ашғари ілімінен алшақтап, сәләфилік көзқарастарға жол беріп жатады. Бұл – қазақ халқының рухани жүйесіне жат нәрсе. Осы себепті де Деобанд мектебі де, «Таблиғи жамағат» та Қазақстан қоғамы үшін жат құбылыс болып табылады.
Дінді шынайы, дұрыс түсінікпен, дәстүрлі мәзһаб аясында ұстану – ұлт болашағының кепілі. Қазіргі жастарды түрлі діни ағымдардың ықпалынан сақтап қалу үшін ең әуелі дінді, тілімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды қорғап, сол негізде тәрбиелеуіміз керек. Бұл – қазақ қоғамының рухани тұтастығын сақтаудың ең сенімді жолы. Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанған ислам – ханафи мәзһабы мен матуриди сеніміне негізделген дәстүрлі жол. Бұл жол – білімге, ынтымаққа және әділетке сүйенеді. Қазақ халқының салт дәстүрі мен әдет-ғұрпын діннен бөле жара қарастыруға болмайды. Өйткені, дәстүріміз – иманымыздың айнасы. Діни бірлік – тәуелсіздігіміздің кепілі. Ал, дәстүрлі дінді берік ұстанып, ағымдардың ақ-қарасын айыра білетін діни сауаттылық – әр азаматтың міндеті. Қазақстан үшін жат діни ағымдарға тосқауыл қою – болашақ ұрпақты қорғаудың басты амалы.