Жамбыл облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы облыс бойынша департаментінің басшысы Сырым Мадиев пен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Баспасөз жиынының тақырыбы – 1 тамыздан басталатын Ұлттық ауылшаруашылығы санағының өткізілу барысы мен маңызы.
Жиын барысында Сырым Өскенбайұлы бұл санақтың ел аумағындағы аграрлық сектордың қазіргі жағдайын саралауға және алдағы онжылдықтағы саясатты дәл жоспарлауға ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (ФАО) Х Дүниежүзілік ауылшаруашылығы санақтары шеңберінде жүзеге асырылуда.
– Бұл санақ елімізде он жылда бір рет қана өткізіледі. Сондықтан оның маңызын түсінуіміз керек. Санақ нәтижелері ауылдық жерлердегі нақты жағдайды көрсете отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу, техникамен жабдықтау, инфрақұрылым мен еңбек жағдайларын саралауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер арқылы фермерлер мен жеке шаруашылықтарға бағытталған қолдау тетіктері нақтыланады, – деді С. Мадиев.
Оның айтуынша, 1–31 тамыз аралығында жүргізілетін бірінші кезең – онлайн форматта өтеді. Азаматтар sanaq.gov.kz порталына кіріп, ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасы арқылы тіркеліп, сауалнама сұрақтарына жауап бере алады. Онлайн форматтың тиімділігі – уақыт үнемдеу, мәліметтерді өңдеудің жеделдігі және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ал, Төлебек Болатұлы өз кезегінде, бұл санақтың ауылшаруашылығы өндірісін тиімді жоспарлау мен субсидияларды әділ бөлуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Әрбір шаруашылық иесі, фермер мен кәсіпкер өз деректерін шынайы және толық көрсетуі тиіс. Себебі, санақ қорытындысы бойынша ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламалары түзіледі. Мысалы, қай аймаққа су қоймасы, техника паркі немесе жол қажет екенін дәл осындай мәліметтер арқылы анықтай аламыз. Бұл – жергілікті әкімдіктер үшін де, министрлік үшін де аса маңызды құрал, – деді Т. Құлекеев.
Сондай-ақ облыс бойынша 165 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Бұл пункттер ауылдық округ әкімдіктері мен статистика басқармалары жанынан ұйымдастырылып, компьютермен, интернетпен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда тұрғындарға кеңес беру, сауалнаманы толтыру бойынша қолдау көрсету қарастырылған.
Sanaq.gov.kz порталында сауалнаманың екі түрі ұсынылады:
- Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін;
- Үй іргесіндегі жері немесе малы бар жеке үй шаруашылықтары үшін.
Сауалдар жер пайдалануы, мал мен техника саны, өндірістік көрсеткіштер, өткізу арналарымен қамту және еңбек жағдайлары бойынша қойылады. Порталда сауалнама толтыру бойынша бейненұсқаулықтар мен «SANAQ мырза» чат-боты да жұмыс істейді.
Егер респондент тамыз айында онлайн форматта санақтан өтпеген болса, 20 қыркүйектен бастап офлайн кезең басталады. Бұл кезеңде арнайы дайындықтан өткен интервьюерлер респонденттерді жеке аралайды. Осыған байланысты аудандық статистика басқармалары мен 1446 байланыс орталығы арқылы сұқбат алушы ретінде жұмысқа орналасуға болады.
Сондай-ақ брифинг барысында ауылшаруашылығы санағына қатысты қауіпсіздік мәселелері де сөз болды. С. Мадиевтің айтуынша, барлық берілген деректер «Мемлекеттік статистика» туралы заңға сәйкес қатаң құпияда сақталады. Бұл мәліметтер салық, полиция, өзге де мемлекеттік органдарға берілмейді, тек жиынтық түрде пайдаланылып, шешімдер қабылдауға бағытталады.
– Санақтан өту – әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі. Бір адамның ғана емес, бүкіл аграрлық саланың келешегіне әсер етеді, – деп түйіндеді спикер.
Баспасөз брифингі соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан нақты сұрақтар қойылып, сала мамандары тарапынан толық әрі тұшымды жауаптар берілді. Спикерлер өз кезегінде БАҚ-тың ақпараттандырудағы белсенділігі үшін ризашылығын білдірді.