Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауылшаруашылығы. Ол азық-түлік және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ауылдық жерлерде елдің еңбек әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта цифрлық технологиялар елдер экономикасының дамуында маңызды рөл атқарып келеді. IT-құралдарын енгізу ауылшаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар ауылшаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Өңірдегі ауылшаруашылығы саласын цифрландыру жайында Абай облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Ертай Қуанбаевтың айтуынша, инновациялық технологиялар өсімдік шаруашылығына белсенді түрде енгізілуде.
— Бүгінде облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері құнарлы қабатты сақтау үшін әртүрлі модификациялардың 37 егіс кешені, сондай-ақ дәл егіншілік, навигация және мониторинг жүйелері бар әлемдік ауылшаруашылығы техникасын өндірушілердің ауылшаруашылығы техникасын пайдаланады. Сонымен қатар облыста 13850 гектар аумақта су үнемдеу технологиялары қолданылады (оның ішінде жаңбырлатып суару – 12257,2 гектар және тамшылатып суару – 1572,8 гектар). Сондай-ақ шаруашылықтар ауылшаруашылығы техникасында «GPS» навигациясын кеңінен қолдануда, – деп атап өтті ол.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, мал шаруашылығында да цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Нақтырақ айтсақ, «Қаликанұлы», «Зейтенов», «Өрнек» сияқты шаруа қожалықтарында озық смарт-фермалардың элементтері қолданылады. Бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы нақты уақыт режимінде күнделікті есеп жүргізіліп, ұрықтандыруды есепке алу үшін селекциялық және асыл тұқымды жұмыстардың ақпараттық базасында бұқаларды компьютерлік таңдау әдісі қолданылуда.