Адамды адам ететін – оның рухани дүниесі. Ынтымақтастық, құрмет, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, кемелдену, әдеп, табандылық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, сүйіспеншілік, жомарттық, әділдік, қанағат, тазалық, батылдық, ар мен намыс – барлығы адамның рухани дүниесіне жатады. Осындай құндылықтар адам және қоғам үшін маңызды, адамдарға өмірдің қиыншылықтарына төтеп беруге көмектеседі, әлеуметтік шындықты реттеуге мүмкіндік береді.
ХІХ ғасырда ұлы ақын Абайдың «бес асыл ісі» мен философ Шәкәрімнің «Үш анығында» қазақ қоғамына қажетті құндылықтарды соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп береді. ХХ ғасырдың басында бірлік, тәуелсіздік, еркіндік, азаттық ұғымдары басты құндылық болды.
Алаштың ардағы, арысы, асылы, дауылпаз ақыны М.Дулатов «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты», деп халқын азаттыққа шақырса, енді бір өлеңінде «Бірлік жоқ, алты ауызды халықпыз ғой, Қатардан сол себепті қалыппыз ғой», деп бірлік пен ынтымақтың жоқтығынан қазақ қоғамының алауыз болғанына ашынады.
Бүгінде егемен еліміз Президенттің дара жолымен кезең-кезеңмен жаңғыру үстінде. Бірінші жаңғыруда көгімізде көк Байрақты желбіретіп, Елтаңбамызды айшықтап, Әнұранымызды әуелеттік. Екінші жаңғыруда ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» мемлекеттік стратегиясын қабылдап, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Үшінші жаңғыруда әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылу мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға кірістік.
Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.
Бүгінгі білім жүйесіне жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойына сіңірген санасы ашық, саналы азаматты қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Саналы азамат дегеніміз – ғылымның жетістіктерін және бірнеше тілді жетік меңгерген білімді, білікті маман. Сананың ашықтығы дегеніміз – жаһандану мен жаңа технология өмірімізге алып келген өзгерістерді қабылдауға дайын болу деген сөз.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға, ұлттың рухани құндылығын қалыптастыруға бағытталған түрлі бағдарламалар жарияладық. Сананың жаңғыруы – жедел әрекет емес, барлығымыздың, әсіресе жас буынының қоғамдық санасын жаңғырту жөніндегі ұзақ, іргелі жұмыс.
Құндылықтар арқылы қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы баспалдағы – мектеп. Қоғамдық сана мектепте қалыптасады. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деген сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жойған емес.
Сонымен, бүгінгі күні қоғамдық құндылықтар қандай? «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында қазіргі заманғы қазақстандық қоғам құндылықтары» тақырыбында кезең-кезеңмен жүргізілген сауалнама қорытындысы ұят, ар, намыс құндылықтары бүгінде өзекті екенін анықтап берді. Жаһандану жағдайындағы жастардың бойынан жауапкершілік, намыс, отансүйгіштік қасиетін көріп жүрміз. Әсіресе, әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз жарқын үлгісін көрсетуде. Бұған әлемнің түкпір-түкпірінде өткен дүбірлі додаларда болған жайттарды мысалға келтіруге болады.
Аз-кем аялдап, өткенге ой жүгіртейікші. 2017 жылы Ресейдің Сочи қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында, 2019 жылы Үндістанның Бангалор қаласында өткен Азия чемпионатында, 2019 жылы Араб түбегіндегі Әбу-Даби қаласында каратэден әлем чемпионатында техникалық ақаулар салдарынан еліміздің Әнұраны үзіліп қалған. Ар мен намыс сыналар сын сағатта жеңіс тұғырында тұрған спортшыларымыз Әнұранды іліп әкетіп әуелете шырқаған. Оларға дүние жүзінен жиналған жарысқа қатысушылар мен көрермендер ұзақ шапалақ соғып спортшыларымызға тәнті болып, құрметін көрсеткен.
Бұл сәттерде қандай құндылықтар көрініс тапты? Біріншіден, «Отан алдындағы жауапкершілік». Спортшы ел үмітін ақтап жеңістің биігіне көтерілді. Ел мерейін асырды. Екіншіден, намыс. Әлем алдында туған елдің рәмізін қорлауға жол бермеді. Әділетсіздікке көніп тұра беруге спортшының намысы жібермеді. Үшіншіден, шынайы патриотизм. Спортшының жеңіс тұғырына көтерілуі мен жанкүйерлер рәмізге құрмет көрсетуі жан тебіренткен көрініс.
Даңқты боксшымыз Геннадий Головкиннің өмірі толған өнеге. Шетелдік журналистерге берген сұқбатында «Менің әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын» деген спортшы шынайы патриот екенін тағы бір танытты. Сұқбат алушы даңқты боксшының ресейлік боксшыларға қатысты пікірін білгісі келді.
«Г.Головкин: Мен Ресейден емеспін.
Журналист: Қазақстаннансыз, окей!
Г.Головкин: Ол Ресей емес, шатастырмаңыздар».
Осы бір қысқа ғана сұқбаттан отансүйгіштік, батылдық, шыншылдық құндылықтары көрініс тапқан. Миллиондаған жанкүйері бар отандық жұлдыздар осындай өнегесімен заманауи жастарды елжандылық, ынтымақ, бірлік, намыс, төзімділік, жауапкершілік сияқты аса қажет құндылықтарға тәрбиелеп отыр.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде спортпен қатар мәдениетіміз де қарыштап дамыды. Өнерпаздарымыз ел мерейін асырып, жер-жаһанға танылды. Мәдениет әлемі – құндылықтар әлемі. Бұл күнде дүние жүзінің дидары Димашқа бұрылғаны шындық. БАҚ беттерінен, интернет желісінен ана тіліміздің әуезділігіне таңдай қағып, тамсанған шетелдіктерді көргенде, олардың қазақ әндерін қосыла шырқағанын естігенде төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Димаш арқылы Ұлы даламыз ән салып тұрғандай көрінеді. Әншілеріміз әлемде қазақ халқының талғамы биік, өнерпаз халық деген ұғым қалыптастырды десек те болады.
Қазақстанның жарқын болашағының іргетасын қалайтын – жастар. Өскелең ұрпақтың өткені мен болашағын айқын танитын саналы, толерантты болуға тиіс. Осы тұрғыдан бiлiм беру жүйесiнің басты міндеті – ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу. Мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу жолында мақсаты айқын, мұраты биік, саналы азамат қалыптастыру басты міндетіміз.
Ұлттық құндылықтардың халық танымынан, әсіресе жастардың ой өрісінен орын алуы ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпал етіп отырады. Сондықтан да ұлттық құндылықтар дегеніміз – халықтың зерде биігімен қарайтын болсақ, ұлттың дүниетанымында, ұрпақтың ойлауы негізінде өмір сүріп отыратын нәрселер. Рухани мәнге ие төл дүниелерінің ұлттық құндылыққа айналып отыруы алдымен халықтың, ұрпақтың рухани деңгейіне тәуелді.
Еліміздің тарихында жерін, елін және ұлтының болашағын қатар ойлаған, оған жан-жақты қызмет ете білген зиялылар қоғам алдына қалай шыққан? Тарихтағы қазақ тұлғаларын арнайы ешкім бүгінгідей оқытқан жоқ. Қарапайым қоғамның рухани өмірінде ата-ананың, әлеуметтік ортаның ықпалымен үйретілген ұлттық тәрбие, өткеннің тағылымын баяндайтын тарихи әңгімелер, дін мен ұлт дәстүрін қатар зерделеуді үйреткен, бұлардың бір-бірімен үнемі байланысты болатындығын ұғындырған үлкендердің тәлім-тәрбиесі небір талант иелерін қоғам алдына шығарған.
Қазіргідей арнайы заманауи білім алуға мүмкіндігі болмаса да тарихтағы қазақтың кез келген зиялы адамы, тіпті жас балаға дейін мемлекетінің мәртебесін арттырып отыратын ұлттық құндылықтар екенін ерте түсінген. Бұның басты себебі – елдің төл мәдениетінің болмысымен қазақ баласының етене араласып өсуінде. Отбасы, қоғам, әлеуметтік орта, ауыл, ел болып жастарға ұлт игіліктері жөнінде дұрыс бағдар берілуінде. Қазақ тарихта небір қиындықтарды басынан өткізгенімен, ұлттық құндылықтарынан қол үзбеген, ұлт руханиятын сақтау арқылы ұлттық бірегейлікті жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихы ұғымдар сақталып отырған.
Қазақ руханиятында ұрпаққа кеңінен насихатталатын игіліктер – халықтың бейбіт өмірін, тәуелсіздік, ұлттың өсімі, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді және өнерлі болу, осы жолда жігерлі болу, елдің мүддесін қорғауда жан-жақты болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, дәстүрді, тарихтың тағылымын дәріптеу. Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған тұлғаларымыздың бірі Асан қайғы ұрпаққа мынадай өсиетін қадырған:
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін?!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін?!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін?!
Көшіп-қонып көрмеген,
Жұрт қадірін не білсін?!
Шынымен де елдік мүдде мәселесіне бабаларымыздың зердесімен қарайтын болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың негізінде халықтың өмір сүрудегі мұрат-мақсаты, ұстанымы жатыр. Қазақтың тарихтағы көшпелі тұрмысы көптеген нәрсенің мән жайын аңғартады. Ұлттың болашағы ұрпақ игілігі деп түсінген бабаларымыз атамекенді көздің қарашығындай қорғаған. Ал елдің мүддесін қорғап, оның өрісін кеңейтіп отыру үшін адамға ақыл, білім, жігер қажет. Бұл қасиеттер адам болмысына елдің тұрмысымен, болмысымен және руханиятымен етене араласып өсуімен келген.
Ұлт руханияты, әсіресе оның білімі жастарға алдыменен ұлттық құндылықтарды зерделеп, оған қызмет етуге ықпал етіп отырған. Ұлт игіліктерін құндылық дәрежесінде зерделеп, ұғыну үшін адамға рухани деңгей қажет. Адам болмысындағы рухани деңгей, Асан қайғы данамыз айтып кеткендей, әрбір ұлт игіліктерінің мәнісін білуден шығады. Бұны жастарға үйрететін – орта, ата-ана.
Құндылықтар бағдары шеңберінде негізгі көзге түсіп отыратын нәрсе –бағалау принципі. Ұлт игіліктерінің құндылыққа айналуында ұлттың болашағын, мүддесін, тәуелсіздікті, мемлекеттің дербестігін, бейбітшілікті бағалау жатыр. Өскелең ұрпаққа ұлт игіліктерін құндылық деңгейінде насихаттап отыратын – ұлттық тәрбие.
Ұлттық құндылықтарды бағалау атамекенді, мемлекеттің мүддесін қалыптастырушы ұлттың тағылымын және ұлт тұлғаларының ерлігін түсінуден шығады. Бағалау тарихты білуден, оның рухын бойға сіңіруден, тағылымын ұғынудан басталған. Дініміздің өзі ұрпаққа осы дүниелерді үйретеді. Жаратылыс ақиқатын ұғынуда ата-ананың еңбегін, адамзаттың, халықтың игіліктерін ұмытпау, оған адал қызмет ету, білімді, өнерлі, қайырымды болу, еңбекті құрметтеу, әділетті болу – дініміздің бізден талап ететін дүниелерінің бірі. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ халқының өмір сүру тәжірибесі, дәстүрі, мәдениеті, дүниетанымы, тарихы және сол тарих өрісіндегі тұлғалар тағылымының еш уақытта да дінге қайшы келмегенін бүгін бізге тарих көрсетуде. Бабаларымыз қазақтың ұлттық бірегейлігі сақталған жерде ғана діннің де рухының ел болмысының бойында тұрақтап отыратынын жете түсінген. Шал ақын данамыз айтып кеткендей:
Ағайының көп болса,
Бірлігі оның бек болса,
Жамандық жер кез келсе,
Бір-біріне сеп болса,
Бүтін тұрған бұзылмай
Отыз екі тіспен тең.
Айдынды жақсы аймен тең,
Жомарт жігіт баймен тең.
Шешен жігіт дүрмен тең,
Имансыз көңіл кірмен тең.
Ақылы жоқ надандар,
Іс бітірмес жамандар
Жүз болса да бірмен тең.
Қазақта дініне беріктік деген ұғым осыдан шыққан. Әр нәрсенің теңін біліп, шамалау діни сауаттылықтан шығады. Діни сауаттылық кемелдіктен шығады. Діннің білімін терең білу тәрбиеден, даналықтан, рухани тереңдіктен білінеді.
Ұлттық құндылықтар туралы адам танымында қалыптасатын ұғым оның болмысының негізінде жататын рухани иммунитет болып саналады. Егер адамның рухани болмысының шеңберінде бұл болмаған жағдайда, яғни қоғамда халық пен ұрпақ болмысында ұлттық қасиеттер болмаса, діни ағымдардың қоғамдық ортадағы ықпалы өздігінен күшеюі мүмкін. Сондықтан да ұлттық тәжірибелер тәрбие негізінде ұрпақтың бойындағы ұлттық қасиеттерді оятып, нығайтып отырады.
Тарихтағы небір діндар адамдардың халыққа ата дінін үйретуде қоғамның, жеке адамның бойындағы қасиеттер мен тәжірибелерді дәріптеп отыруының мәні осында жатыр. Қоғамда рухани тереңдік, мәдениеттілік, дәстүр құндылықтары болмай тұрақтылық сақталмайды. Тұрақтылық болмаған жерде дәстүрлі дін ережелері сақтала бермейді, ол бір тарихи дүние болып қалады. Себебі дәстүрді қалыптастыру мен дұрыс пайдаланудағы ұлттың танымы дінді сақтап отырады. Осыны кейінгі ұрпақ естен шығармаса игі.