Адам саудасы – XXI ғасырдың қасіреті

0 2

Қазіргі заманның ең ауыр және адамгершілікке жат қылмыстарының бірі – адам саудасы. Қазақстан Республикасында адам саудасы проблемасы өзекті болып қалуда. Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда анықталған істер саны артқан. Жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, сәбилер мен ағзаларды заңсыз сату — осылардың бәрі жайлы оқиғалар емес, Қазақстанның өзінде тіркелген нақты қылмыстық істер. Республика бойынша 78 жағдай анықталса, ІІМ жыл сайын орташа есеппен 150-ге жуық қылмыстық іс тіркеп, 50-ге дейін жәбірленуші анықтайды. Соңғы үш жылда Индонезия, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Қырғызстанға азаматтарды заңсыз әкетумен айналысқан бес қылмыстық топтың жолы кесілді.

Сарапшылардың айтуынша адам саудасына тез бет бұрып, құлдыққа оңай түсіп қалатын азаматтар қаржылық жағдайы төмен, жұмыссыз, кәсіптің болмауы адам саудасының құрбаны болу қаупін арттырады. Бірақ, жынысына, жасына, ұлтына және басқаларға қарамастан кез келген жан адам саудасының құрбаны болуы мүмкін. Егер табыс азайып, адамдар жұмыс орындарынан айырылса, онда адамдардың көбі күн көру үшін қауіпті жолдарға бас сұғады.

Адам саудасы ашық жүргізілмейді. Адам саудасының алдын алу аталған қылмыстың орын алуын жеңілдететін себептермен күрестен басталуы тиіс. Мысалы, интернет коммуникацияның дамуы адам саудасын да жеңілдетуде. Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады. Адам саудасы тек тән саудасы емес. Бұл – мәжбүрлі еңбек, балалар мен жаңа туған сәбилерді заңсыз асырап алу, ағзаларды сату сынды түрлі бағыттағы қылмыстық әрекеттер. Қазіргі кезде интернеттің, әлеуметтік желілердің кең таралуы адам саудагерлерінің жаңа құралға айналды. Олар жарнамаларын ашық жариялап, құрбандарын арбау тәсілдерін оңай жүзеге асырады. Танысу сайттары, жалған модельдік агенттіктер, шетелдегі жоғары табыс туралы жалған уәделер – осындай әдістер арқылы адамдар құлдыққа түсіп жатады. Бір көрген таныс, не бөтен адам шетелде жақсы жұмыс барын айтып, жол шығынын да көтеріп, құрбандарын тұзаққа түсіреді. Ал, шындық мүлде басқаша болып шығады. Кез келген азамат «тауарға» айналуы мүмкін.

Шетелде жұмыс істеуді таңдаған адам кез келген қауіпке дайын болуы керек. Сол елдің заңдары мен ережелерінен хабардар болғаны дұрыс. Әдетте, мигрант шетелде жұмыс істесе де тіл мен заңдарды білмейді. Сол себепті өзге елге барып алған соң жолға кеткен қаражатты ақтау мақсатында кез келген ұсынысқа келісуге мәжбүр болады.

Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл құбылыспен күресу шараларын қолға алуда. Атап айтқанда, адамдардың заңсыз көші-қоны мен қанау арналарының жолын кесу мақсатында рейдтер мен операциялар жүргізілуде. Сондай-ақ халықаралық ұйымдармен адам саудасымен күресу бойынша тәжірибе және әдістеме алмасу мақсатында ынтымақтастық жүргізілуде.

Қылмыскерлердің көбі шетелдік болғандықтан, процестің ұзақтығы мен дәлел жинаудың қиындығы тергеу мен жазалауды қиындатады. Көп жағдайда істер тек жәбірленушінің сөзіне негізделіп, нақты дәлелдер жеткіліксіз болып жатады.

Сәбиді саудалайтындар да азаймай тұр. Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер. Бала саудасымен айналысамын деп басы  «бәлеге» қалған медицина қызметкерлері де кездеседі. Мамандардың айтуынша, көбіне жас қыз-келіншектер баласын саудалайды. Ал, «тірі тауарды» сатып алушылардың дені – ана болу бақытынан айырылғандар. Құқық қорғау органдары дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Қайғылы деректер арасында жаңа туған нәрестелерді 1,5- 4,5 миллион теңгеге сату, екі баласын сатуға тырысқан жас ананың ісі, дәрігерлер мен акушерлердің қылмыстары қоғамның ең осал саласына қауіп төніп тұрғанын айғақтайды.

2024 жылы қабылданған адам саудасына қарсы заңда кәмелетке толмағандарды жыныстық қанауға тарту, бала туу дерегін жасыру секілді әрекеттер үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда, бұл заң нақты істерде тиімді қолданылмай отыр. Сарапшылар құқық қорғау органдарының біліктілігін арттыру, тергеудің әділеттілігін қамтамасыз ету қажеттігін айтады. Қалаларда, ауылдарда, әсіресе жеке шаруашылықтарда құжатсыз, тұрғылықты жері жоқ, әлеуметтік осал топ өкілдері мәжбүрлі еңбекке жегіледі. Олар ешкімге шағымдана алмайды, өйткені іздеушісі жоқ, қорғансыз.

Адам саудасының алдын алудағы тағы бір маңызды қадам – заңнамалық шектеулерді қатаңдату және заң талаптарын орындау жағын қамтамасыз ету. Өйткені заңның дұрыс орындалмауы қылмыс санын арттыруға алып келеді.

Қорытындылай келгенде, адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күрес кез келген елдің, жеке азаматтардың назарындағы басты мәселелердің бірі болуы тиіс. Өйткені, бұл адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі, оның құқығының қорғалуы деген сөз. Адам баласы үшін бұлар ең басты құндылық. Адам саудасы статистикадағы сандар ғана емес, бұл сатылған, қорланған, тағдыры тапталған адамдар. Қоғам болып, заңмен де, ақпаратпен де, іспен де күресу — баршамыздың азаматтық парызымыз. Заң күшейіп қана қоймай, әділ қолданылса ғана әділет орнайды.