Абай тойы – ел мерейі

0 2

Биыл қазақ ойын жаңа арнаға салып, дәуірдің бұрылыс кезеңін жасаған дала данышпаны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Бұл еліміз бен халқымыз үшін айтулы дата, маңызды мерекенің бірі. Себебі қазақ өркениеті бүгінде Абайға де­йін және Абайдан ке­йін деп сараланады. Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқына арнаған жаңажылдық құт­тықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын.

Абай – қазақ халқы ескі мен жаңаның өткелінде тұрған алмағайып дәуірде туған, ұзақ заманалар бойы Ұлы Даланы ен жайлаған халықтың еркі өзінен кетіп, «болу мен бордай тозу» сұрағын өзіне шарасыз қоюға мәжбүр болған шақта өмірге келген кемеңгер. Халықты қасірет­тен арашалайтын ерен тұлғалар осындай қиын шақта өмір есігін ашатынын әлемдік тарихтан жақсы білеміз. Абай арқылы қазақ халқы жаңа ой көкжиегіне көтерілді әрі әлемге қосар үлесіміз, философиялық тұжырымымыз мол екенін көрсет­ті. Абай біз үшін ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айт­қандай, «Тағдырдың өзі сыйлаған сом алтын». Ұлт­тың потенциалы осындай тұғырлы тұлғаларымен көрінеді. Себебі әлемнің өзге халықтарды данышпандары арқылы танып, солардың күллі әлемге шуақ шашқан сәулелі ойлары мен сапалы туындылары арқылы қабылдайтыны ежелден орныққан, дәстүрге айналған аксиома. Осы тұрғыдан келгенде, хакім Абайды ұлт­тың паспорты деуге толық негіз бар.

Абай мұрасының кемелді салаларының бірі, ұлт­тық танымның ұстынына айналуы тиіс тұғырлы дүние – толық адам ілімі. Бұл адамның рухани кемелденуін үш негізде, атап айтсақ, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды үш айнымас темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын «қашық болуға тиісті бес нәрсе, бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адамзат­тың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де осы ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі. Түптеп келгенде, бұл тұжырымдар қазақ дүниетанымын жүйелеп, түркі ғұламаларының «жүрек ілімімен» тамыры ұштасып жатқан ұлт­тық кодты бекітетін жаңа ілім, ұлт­тық ойды өзгеше ағынға бастаған жаңа арна болатын.

Бүгінгі заманауи тәрбиенің, саясат­тың, экономиканың, дін мен ғылымның мәнін тереңнен қозғап, қыры мен сырын жүрек құпияларынан іздейтін бұл тұрпаты бөлек таным, шындығында, адамзат­тық тұтастыққа негізделген ұлы идея. Бұл ілім арқылы хакім адам мен қоғам арасындағы байланысты, мемлекет­тің тірегі – әділетке жаны құштар азамат, пайымы парасатқа табан тірейтін саналы тұлғаның қалыптасуын, тіпті ұлт­тық өркениет­тің болмысын жаңаша сипат­тайды.

Сөз басында дәуірдің бұрылыс кезеңі дейтін себебіміздің бірі осы болса, енді бірі хакім өзінің сүйікті ұлы Әбішті жоқтауында:

«Жаңа жылдың басшысы – ол,

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім», – деп толғанады. Өзінің заман бұрылысында тұрғанын, алда жаңа кезең келе жатқанын ишаралайды. Бұл тұрғыдан мемлекет басшысының «Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар, оны ұлт­тық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндет­тіміз» деген толғамды тұжырымының Абайдың өз танымымен тамырлас, пайымымен үндес шыққанын айтуымыз керек.

Сондай-ақ қазақ ойын жаңа арнаға түсірген Абай өзін «ескінің арты едім» дейді. Жаңаның басын өзінен ке­йінгі буыннан, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлдарының замандасы Әбдірахманнан көріп отыр. Бұл да хакімнің бір даналығы, келер заманды оймен болжап отырған көрегендігі болса керек. Алда қазақ ренессансының атойшылары Алаш қозғалысының сойы бөлек, сом алтын тұлғалары келе жатыр еді. Абай үміт артқан, Абай сенген осы буын қазақтың ең алғашқы білім жүйесін, ғылымын, терминологиясын, тіл ғылымы мен әдебиет теориясын қалыптастырды. Мемлекетшілдіктің негізін қалады. Бұл Абай арнаға түсірген қазақ ренессансының шарықтау шегі болатын.

Абай қазаққа, өзі туған, өзі ержеткен ортаға жаңа сұрақ қойды. Оған де­йінгі сұрақтардың дені дидактикалық танымға негізделіп келсе, хакім сұрақты өзгерт­ті: адам деген не, адам не үшін өмір сүреді, билік пен байлықтың мәні қандай, Адам болып өмір сүру мен адамзат болып тірлік етудің ерекшелігі қандай деген сұрақтарға жауап іздеді. Заманды жаңа сұрақ өзгертеді. Сұрағы жаңармаған қоғам жаңармайды. Абай қазақ қоғамына ғана емес, адамзатқа ортақ сұрақтарды көп қойды. Өзіне сұрақ қоя алған адам – жаңашыл адам. Оның кез келген қара сөздері мен жырларынан біз өте өзекті сұрақтарға жолығамыз. Әсіресе «Отыз сегізінші қара сөзіндегі» сұрақтар талай оқымыстылардың жауап іздеп, Абаймен сұхбат­тасуына себеп болып келеді. Абаймен сұхбат­тасқан адамның адасқаны жоқ. Ал, Абаймен мұңдасқан, Абаймен сырласқан, ойымен дос, ниет­тес болған адам – бақыт­ты адам. Абай – «Абай» яки «Абай шығармалары» деген кітаптардың авторы ғана емес, ол – тірі адам, ол сенің жаныңда, рухыңда, болмысыңда күнделікті өмір сүрсе, онда сенің ғұмырыңның текке өтпегені, зая кетпегені. Еліне қызмет етем деген адам Абайдан алыстаса, оның бізге қойған сұрақтарына мән бермесе, одан жалтарса, түптің түбінде опық жеуі бек мүмкін. Абаймен ауыра білу керек. Оны кие тұту – оның кемел ойларынан цитата келтіру емес, оны оқуда емес, оның идея­сымен өмір сүру деп ойлаймын. Абайды оқымай, оның идеясына үңіліп, қағидаларымен өмір сүрмей кеткен уақытымызды ойласақ, опынуды, өкінуді үйренейік. Бұл әрбір қазақ­стандыққа қаратылған сөз екенін аңғарып отырған боларсыздар.

Хакімнің туғанына 180 жыл толуын мерекелеу – Абай рухына тағзым ғана емес, Абайды жаңа қырынан танып, оның мол рухани байлығынан тағылым алатын елдік мейрам, ұлт­тық толғам болуы тиіс. Себебі неміс жұрты үшін Гете, қытай халқы үшін Конфуций қандай құрмет­ті болса, біз үшін Абай сондай. Ол «Адамзат­тың бәрін сүй» деген дегдар гуманизмді, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлт­тық бірегейлікті өсиет еткен данышпан. Үндінің ұлы дегдары Рабиндранат Тагор: «Адамзат мәдениетінің тарихына жалғыз да болса дара данышпан тудыру арқылы үлес қоспаған ұлт­тың – өркениет­ті заманда өмір сүруге хақсы жоқ», – деген. Бұл тұрғыдан әр қазақ әлем ақыл-ойына Абайдай бірегей тұлға сыйлағаны үшін кеуде керіп мақтануға хақылы деп ойлаймыз.

Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толған мерейлі мерекені ел болып атқару баршамыздың перзент­тік парызымыз. Себебі Абай тойы – ұлт­тың рухани түлеуінің өзегі, қазақтың жоғалт­қанын қайта тапқан, ұмытқанын қайта еске салған тарихи белес. «Той тойламақ не керек?» дейтін бықсыма пікірді өрбітіп отыратын да адамдар жетерлік. Мұндайда орыс тарихшысы В.О.Ключевскийдің: «Данышпан адам әрбір ұлтқа қажет! Оның мерейтойын өткізу – ұлт­тық қажет­тілік. Ұлының жүрегіне үңіле отырып, біз ұлтымыздың өткенін талдаймыз, бүгінгі күніне баға береміз, сондай-ақ күні ертеңгі даму болашағымыздың бағдарын анықтап, шешім қабылдаймыз» деген сөзі еске түседі.

Абай тойы елдің рухани өмірін серпілтіп қана қоймай, әлеумет­тік тұрғыдан да өңірге пайдасын тигізіп, жұрт есінде қалар өнегелі шара болуы тиіс. Хакім тойына дайындық барысында осы түйінді басты назарға алғанымыз жөн.

Қазақта «жақсы әкенің аруағы қырық жыл азық» деген дана сөз бар. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Қазір кейбір өңірлер құрылысты бастап жатса, жалпы барлық аймақ бүгінде қандай сыйлық жасайтынын жариялап үлгерді. Атап айтсақ, Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталығын, Түркістан көрме орталығын, Астана жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы үстел тенис орталығын, Шығыс Қазақ­стан Ертіс жағажайын жасап беруге ниет­теніп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниет­терін білдіріп жатыр.

Бұл жолы Абай тойы 10 күндік ретінде өтпек. Облыс орталығы Семей қаласында басталған дүбірлі тойдың түйіні 9–10 тамызда кіндік жұрт Жидебай-Қарауылда тарқайды. Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лазым екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат ет­тік.

180 жылдық құрметіне «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыт­тардың біріне айналдыруға қызмет етері сөзсіз. Жыл бойы жұмыс істейтін кешенде киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы, қоғамдық тамақтану орындары бар. Сондай-ақ ипподром, хайуанат­тар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған арнайы аймақтар, электромобильдерді қуат­тау стансылары мен қымыз құю желісі қызмет етпек. Бұл – дүбірлі тойдан ке­йін де ел игілігіне қалатын дүние.
Сонымен қатар, Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, инернет қосылады. Демек, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылады. Облыстық бюд­жет есебінен жүзеге асатын бұл жұмыс туристер ең көп келетін қасиет­ті орынның ғана емес, аудан жұртшылығының қажет­тілігін өтеп, ел игілігі үшін қызмет ететін болады.

Сондай-ақ Абай мұрасын толық бір интернет платформаға жинақтап, осы кезге де­йінгі абайтанудың барлық қазыналары мен Абай төңірегіндегі барлық мәлімет­терді топтастырған «Абай академиясы» порталы іске қосылады. Бұл ізденушілер үшін ең ауқымды академиялық алаң болмақ. Бұлар көптеген мәдени іс-шаралар мен салтанат­ты кештерден, хакім құрметіне шығып жатқан кітаптар мен ғылыми конференциялардан бөлек атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы ғана.

Қысқасы, Абайдың мұрасы – ұлт­тық өркениетіміздің ең биік шыңы. Әдебиет, театр, кино, музыка, бейнелеу өнері – бәрі де Абай рухында жаңа биікке көтерілуі тиіс. Абай идеяларын үнемі заманауи платформаларда насихат­тау біздің міндетіміз. Бүгінгі ұрпақ хакімнің мерейлі датасын тойлап қана қоймай, оның идеяларын іске асыруға, оны өмір сүру дағдысына айналдыруға ұмтылуы керек. Сонда ғана бұл той нағыз ел мерейі болмақ.

Бүгінде ұлт­тық идеологияда Абай идеялары басты орынға қойылып, Абай ауданы мен Семей қаласының символдық маңызы арт­ты. Семей бірнеше ғасырдан бері ұлт­тық ойдың бастауы, ұлт­тық өркениет­тің ең мәнді нүктесі болып келе жатқаны белгілі. Абай, Алаш арыстары – бәрінің негізі рухани орталығы осы ескі шаһар болғаны бүгінде барлық отандастарымыз үшін мақтаныш. Абайдың туған өлкесі – Жидебай мен Шыңғыстау бірте-бірте әлемдік зиярат орнына айналып келеді.

Сөз соңында әйгілі испан ғалымы, кезіндегі ЮНЕСКО бас директоры Федерико Майордың «Абай – заманалар есімін өшіре алмайтын дана» деген байламы ойға оралып отыр. Иә, Шыңғыстаудың бауырында туып, даналықтың шыңына шыққан хакім Абайдың есімін ешқандай уақыт дауылы, заман құйыны өшіре алмайды. Абайдың рухы қазақ халқының өркениетінің өзегі, біздің дамуымыздың қозғаушы күші болып қала бермек.

Берік УӘЛИ,

Абай облысының әкімі.