Абай облысында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының орман өсіруге қолайлы жерлерін қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жоба қолға алынуы мүмкін. Бастаманы «PARADIGM SHIFT» ЖШС ұсынды. Жобаның жүзеге асуы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Берік Уәли компанияның бас директоры Жанәділ Талдыбаевпен кездесіп, ұсыныстың негізгі бағыттарын талқылады. Инвесторлар 12 жыл ішінде 100 мың гектар аумақты ормандандыруды көздеп отыр. Жалпы құны 80 млрд теңгеге бағаланған бастама жеке инвестициялар мен халықаралық климаттық қаржыландыру тетіктері арқылы іске асырылмақ.
Жоспарға сәйкес, алғашқы ағаш көшеттерін 2027 жылы 1000 гектар жерге отырғызу ұсынылған. Кейінгі кезеңдерде жыл сайын 8–9 мың гектар аумақты орман алқабына айналдыру көзделеді. Жоба толық қуатына шыққанда 264 миллион түп ағаш отырғызылып, жылына 22 миллионнан астам көшет өсіруге қауқарлы тұқымбақ құру жоспарланып отыр.
Бастаманың экономикалық тиімділігі де назардан тыс қалмайды. Инвесторлардың болжамынша, жұмыстардың қызған шағында 2000-ға дейін маусымдық жұмыс орны ашылып, тұрақты түрде 300–400 адам жұмыспен қамтылуы мүмкін. Сонымен қатар орманды күтіп-баптау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін қалыптастыру қарастырылған.
Кездесу барысында болашақ орман алқаптарына бөлінуі ықтимал жерлердің радиациялық қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Аумақтардың орман өсіруге жарамдылығы тиісті зерттеулер мен радиоэкологиялық қорытындылар негізінде анықталмақ. Бұл – бұрынғы ядролық полигон жерлерін игерудегі маңызды талаптардың бірі.
Берік Уәли өңірде орман қорын сақтау мен табиғи экожүйелерді қалпына келтіру мемлекеттік басымдықтардың қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған жоба жан-жақты зерделеніп, нақты мүмкіндіктері мен тиімділігі бағалануы қажет. Облыс басшылығы табиғатты қорғауға бағытталған жаңа бастамаларды қарастыруға және өзара тиімді әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Ал Жанәділ Талдыбаев жобаның негізгі мақсаты тек ағаш отырғызумен шектелмейтінін айтты. Инвесторлар орманды ұзақ мерзім бойы сақтап, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін кешенді жүйе құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ағаштардың көмірқышқыл газын сіңіру көлемін тәуелсіз халықаралық аудит арқылы растау көзделген.
Ұсыныс бойынша жер мемлекеттік меншікте қалады, ал орманды күтіп-баптау, қорғау және қажетті инфрақұрылымды дамыту шығындарын инвестор көтереді. Жобаның түпкілікті жүзеге асуы жердің экологиялық жағдайын зерттеу нәтижелеріне және тиісті шешімдерге байланысты болмақ.
Жоба іске асқан жағдайда бұрынғы полигонның жарамды аумақтарын табиғи айналымға қайтаруға, өңірдің экологиялық әлеуетін арттыруға және ұзақ мерзімді жасыл инвестиция тартуға жол ашуы мүмкін.