Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар жол және көпір құрылысының барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Аймақ басшысы алдымен Тасбөгет кентіндегі жол жөндеу жұмыстарына назар аударды. Мұнда 4,4 шақырым көше жаңартылып, Есенов және Амангелді көшелері төрт жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жоба құны – 5,1 миллиард теңге. Жол бойында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, су ағар лотоктар орнатылуда. Сондай-ақ жаңа асфальт төселіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылады.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі – «Бәйтерек» шағын ауданын орталықпен байланыстыратын жаңа көпір. Оңтүстік магистральды каналы арқылы өтетін нысанның құрылысы толық аяқталған. Ұзындығы 53 метр, ені 7 метр болатын екі жолақты көпір заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Нысанның сапасы мен беріктігі арнайы жылжымалы зертхана арқылы тексерілген.
Сонымен қатар Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі 2,174 шақырым жол төрт жолақты болып кеңейтілді. Бұл әсіресе көлік қозғалысы жиілейтін уақытта кептелісті азайтып, қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, өңірде жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2022-2026 жылдары облыста 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу және жөндеуге шамамен 185,8 миллиард теңге бөлінген.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артқан. Бұл – өңірдегі жол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған жобалардың нақты нәтижесі.