Ақтауда спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылуда. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қалада салынып жатқан жаңа көпфункционалды стадионның құрылыс алаңына барып, ондағы жұмыстардың барысымен танысты.
Қазір нысанда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қазаншұңқыр қазу, жерді жоспарлау, құрылыс аумағын ұйымдастыру және абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Жұмысқа қажетті арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.
Облыс әкімі нысанның бастапқы кезеңінен-ақ жұмыс қарқыны мен құрылыс сапасына баса мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, стадион тек спорттық нысан емес, Ақтау қаласының инфрақұрылымын толықтыратын маңызды нысандардың біріне айналуы тиіс.
Жаңа спорт кешені бұрынғы резиденция орналасқан аумақта бой көтереді. Жалпы аумағы 17,29 гектарды құрайды. Оның негізгі бөлігі 10 мың көрерменге арналған стадион болады. Ондағы футбол алаңының көлемі 105×68 метрді құрайды. Алаң табиғи көгалмен жабдықталып, оның сапасын сақтауға мүмкіндік беретін жылыту және жерасты дренаж жүйелері қарастырылған. Нысан халықаралық талаптарға да сай болмақ. Атап айтқанда, стадион Қазақстан футбол федерациясының 5-санатына және UEFA-ның 4-санатына сәйкес жобаланған.
Жобаның ерекшелігі – спортшыларға арналған инфрақұрылымның кешенді түрде қарастырылуы. Стадион аумағында 40 орындық жатақханасы бар футбол академиясы жұмыс істейді. Мұнда жас спортшылардың жаттығуына және білім алуына қажетті жағдай жасалады. Академия құрамында асхана, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдар, медициналық-оңалту блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-зал қарастырылған.
Бұдан бөлек, кешен аумағында екі жаттығу алаңы салынады. Олардың бірінде 600, екіншісінде 400 көрерменге арналған трибуналар болады. Сонымен қатар автотұрақ, бақылау-өткізу бекеттері, инженерлік және қосалқы нысандар бой көтереді.
Сәулеттік шешімі де жобаның ерекшеліктерінің бірі. Нысанның сыртқы келбеті Ақтаудың Каспий жағалауындағы қала ретіндегі өзіндік болмысын айшықтауға бағытталған. Сәулетшілер стадион бейнесінде Каспийдің інжу-маржанымен үндесетін шешімдерді қолданған. Заманауи архитектуралық элементтер Маңғыстауға тән табиғи және мәдени ерекшеліктермен үйлестіріледі.
Нұрдәулет Қилыбай құрылыс барысында сапа талаптарының сақталуы мен жұмыс кестесінен ауытқымаудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нысандағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жаңа стадионның іске қосылуы өңірдегі футболдың дамуына тың серпін бермек. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасынан болашағы бар спортшыларды даярлауға мүмкіндік артады. Сонымен қатар заманауи спорт кешені республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жол ашады.
Осылайша, Ақтауда салынып жатқан жаңа стадион спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын орын ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұқаралық спорт пен ірі жарыстарды дамытуға мүмкіндік беретін заманауи көпфункционалды орталыққа айналмақ.