Сырдария үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынады

0 5

Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды. Қаланың «Астана» шағын ауданы мен Президент саябағын жалғайтын нысанның іргетасына арнайы капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Жаңа көпір Қызылорданың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өзеннің екі жағалауы арасында қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік береді. Нысанды тәжірибесі мол «Әлем Құрылыс» компаниясы салуда. Көпірдің ұзындығы 319,4 метр, ені 12 метр болады. Жобаның жалпы құны 13 млрд теңгеге жуық. Нысанда ені 3 метр жаяу жүргіншілер жолы және екі жаққа орналастырылатын, ені 1,5 метрден веложолақ қарастырылған.

Аймақ басшысы бұл жобаның қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қызылордада жол-көлік желісін жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 38 млрд теңге бағытталып, 23 жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында 71 көше күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтуде. Қаладағы маңызды жобалардың қатарында «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы да бар. Сонымен қатар Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы қаланың көлік қатынасын жақсартып, жаңа шағын аудандардың дамуына жол ашпақ. Бұған қоса, Президент саябағы жаңартылып, аумақта автожол мен автотұрақ салынды. Сырдария жағалауында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары да бой көтеруде.

Қалада әлеуметтік және қоғамдық нысандар құрылысы да қатар жүргізілуде. Президенттік кітапхана мен драма театрдың құрылысы басталды. Сонымен бірге жаңа тұрғын үй кешендері, қонақүйлер мен перинаталдық орталық бой көтеріп келеді.

Сырдария үстінен салынатын жаңа көпір осы жобалардың қатарын толықтырып, Қызылорданың заманауи әрі жайлы қала ретінде қалыптасуына өз үлесін қоспақ.