Жезқазған қаласында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Осы мақсатта Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен облыс орталығындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бағалап, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапары алдымен шаруашылық ауызсуын тазарту орталығынан басталды. Бұл нысан – Жезқазған тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жобалардың бірі. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысып, жобаның белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, халықты сапалы ауызсумен қамту – өңірдегі әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Одан кейін облыс әкімі Жезқазған жылу электр орталығына барып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді. Энергетика саласының мамандары қазандықтар мен негізгі жабдықтарды жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Есет Байкен барлық дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтап, жылу беру маусымын еш кедергісіз бастау үшін қажетті шараларды уақытылы орындауды тапсырды.
Сапар барысында өңір басшысы Абай көшесінде жүргізіліп жатқан су құбырларын жаңғырту жобасымен де танысты. Бұл жоба қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, су желілерінің сенімділігін арттыруға бағытталған. Облыс әкімі құрылыс кезінде тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық туғызбау, әсіресе ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Есет Байкен облыстық көпбейінді ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көріп шықты. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқандықтан, медициналық қызметтің тоқтап қалмауы маңызды. Осыған байланысты облыс әкімі мердігер ұйымдарға жөндеу сапасын төмендетпей, белгіленген мерзімде аяқтауды және емдеу мекемесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Білім беру саласындағы жұмыстар да ерекше бақылауға алынды. Өңір басшысы Жезқазған қаласындағы №8 мектеп-гимназияда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тексеріп, мердігерлерге барлық жұмысты 15 тамызға дейін толық аяқтауды міндеттеді. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың заман талабына сай әрі қауіпсіз білім алуына мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдардың қатысуымен кеңес өткізді. Жиында Жезқазған қаласының сәулеттік келбетін жаңғырту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктерді көбейту, заманауи демалыс орындарын салу, инвестициялық тартымдылықты арттыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру мәселелері талқыланды.
Есет Байкен барлық жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың басты кепілі екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға әр нысан бойынша жұмыстың орындалу мерзімі мен сапасына қатысты жеке жауапкершілік жүктеді. Оның айтуынша, өңірдің тұрақты дамуы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мен халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесіне тікелей байланысты.