Жастар табиғатты қоқыстан тазартты

0 3

Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында көп жұмыс атқарылуда. Акцияға Алматы облысының жастары да белсене атсалысуда. Атап айтар болсақ, жақында Еңбекшіқазақ ауданында «Жасыл мекен – жарқын келешек» атты жастардың экологиялық акциясы өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына жастармен қатар еріктілер де атсалысты.

«Жасыл мекен – жарқын келешек» атты жастардың экологиялық акциясы «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Есік көліне барар жолда бастау алды. Елушақты жас, табиғи парктің қызметкерлері мен еріктілер жол бойын тұрмыстық қалдықтардан, қураған бұталар мен қурайлардан тазартты. Бір өкініштісі, ішкі мәдениетінің төмендігімен табиғаттағы көз сүйсіндірер сұлулықты бүлдіріп, экологиялық вандализмнің түр-түріне баратын жандар да жоқ емес. Бірі тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырып, қоршаған ортаны ластаса, енді бірі флора мен фаунаға тікелей зиянын тигізіп жатады. Одан бөлек, тау-тасқа есімдерін жазып, түрлі жазба қалдыратындар да бар. Бұл да вандализмнің бір көрінісі.

Акцияға қатысушылар тазалық жұмыстары барысында тау беткейлері мен үлкен тастарға, сонымен қатар тау жыныстарының жолға құлауынан қорғайтын жолдың екі жиегіндегі бетон тосқауылдарға жазылған жазбаларды тазартып, сырлады. Экологиялық вандализмге қатысты жауапкершілік жайында Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының прокуроры Мәулен Әбікенов сөз қозғап, жастарға ақпарат берсе, «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері парк аумағындағы тәртіп пен ережелер туралы түсіндірді.

– «Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, ол – өмір салты. Табиғатты аялау арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі көркем Қазақстанды аманат етеміз. Халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналығын ұстана отырып, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!» – деген Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Сұлтанәліұлы тазалық акцияларына атсалысып жүрген жастарды Алғысхатпен марапаттады.

Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт өз сөзінде мұндай тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.