Құрылыс заттарын шығаратын заманауи өндіріс іске қосылды

0 2

Алматы облысында құрылыс заттарын шығаратын тағы бір жаңа зауыт іске қосылды. Ол Қарасай ауданына қарасты Айтей ауылдық округінің аумағында, Алматы – Бішкек тас жолының бойында орналасқан. Қазірдің өзінде «Almaty W. S.» компаниясының металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін ірі зауыт өніміне сұраныс өңір тұрғындары тарапынан артып отыр. Жоба қытайлық инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған.

«Almaty W. S.» ЖШС директорының орынбасары Сержан Дәулеткерейұлының айтуынша, нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталған. Осы кезеңде өндіріс те іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілген. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіштердің негізінде кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орны саналады.

Қазіргі таңда кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның 50-і – жергілікті тұрғындар, ал 20-дан астамы өндіріс технологиясын үйрететін жетекші мамандар. Алдағы уақытта жаңа, сұранысқа ие өндіріс бағыттарын игеру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Өнім өткізу мәселесіне келсек, кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылса, қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Болашақта кәсіпорын өнімдерін экспортқа шығару да жоспарлануда. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастады, – дейді серіктестік өкілі.

Жаңа өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсіміне зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу мырза қатысып, өз сөзінде Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясаттың зор ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба да мемлекет қолдауының арқасында табысты жүзеге асқан. Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – тың мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа кезең екенін айтып, компания ұжымы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов та жиналған қауымды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол аудан басшылығы инвесторларға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

– Бұл өндіріс орнына салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,7 миллиард теңгені құрайды. Көпсалалы зауытта заманауи технологиялар енгізілген. Соның арқасында мұнда жылына 300 мың шаршы метр сэндвич-панель, дәл осындай көлемде профнастил, сондай-ақ металл жабындары, С және Z профильдері, тауарлық бетон, 10 мың дана жылжымалы құрастырмалы ғимараттар мен контейнерлер, 40 миллион цемент блоктары мен плиткалар өндіріледі – деді ол.

Әдіс Жаратбекұлы аудан тұрғындарының атынан инвесторларға, құрылысшыларға, инженерлерге және осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматқа алғысын білдірді.