Арал қаласында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Жаңа зауыттың жылдық қуаты 40 мың тоннаны құрайды. Бұл кәсіпті жүргізу үшін «Тоғыс – Аралотын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытына 1,8 миллиард теңге инвестиция салған. Бүгінгі күні зауыт жұмысын бастап кетті. Онда 20 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау аясында 4 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым тартылды. Зауыт өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.
Зауыттың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін облысымызда ашылып отырған жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты өңірдегі маңызды нысан болып саналады. Сондай-ақ маңызды жобаны Арал ауданында жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындары ашылатын маңызды жоба. Өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Іс-шара аясында облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ел ағалары Имамадин Оңғарбаев, Нұралы Оспанов сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.