Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі – мемлекетіміздің мәдени мұраны сақтауға, дәстүрлі өнерді дамытуға және жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беретінінің айқын көрінісі. Бүгін біз Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Ықылас, Сейтек сынды ұлы күйші тұлғаларды зор мақтанышпен еске аламыз. Олардың мәңгілік мұрасы жаңа буын өнерпаздарына шабыт беріп, Отанға деген сүйіспеншілікке, ел бірлігі мен тарихқа құрметке үндей береді. Осы қасиетті күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра және дәуір» атты көрме ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, ардагерлер, музыканттар, қолөнер шеберлері, музыкалық оқу орындарының ұстаздары мен студенттері қатысты.
Алдымен жиналған қауым тарихи-өлкетану музейіндегі «Домбыра және дәуір» көрмесін тамашалады. Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейі мен аудан музейлерінің қорында сақталған 50-ге жуық музыка аспабы қойылған. Көрмені облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұханов таныстырып, өңірдегі күйшілік өнердің тарихы мен домбырашылық дәстүрді танытатын бірегей жәдігермен жайында сөз етті. Оның айтуынша, жәдігерлер арасында белгілі күйшілер, танымал тұлғалар ұстаған домбыралармен қатар, қазіргі шеберлер жасаған ұлттық аспаптар да бар.
Музей өкілдерінен білгеніміз, мұнда Ахмет Жұбановтың жеке домбырасы, Қазанғап ұстаған домбыраның көшірмесі тұр екен. Қазанғап күйлерін орындаушы, насихаттаушы Айса Шәріпов пен Бақыт Басығараевтың домбыраларын, сондай-ақ Нұрпейістің баласы Момын Байғаниннің домбырасын да осы көрмеден көре аласыз. Ақын Бәкір Тәжібаев, генерал-лейтенант Жансен Кереев, мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, Қазақстанның халық артисі, әнші әрі композитор Димаш Құдайбергенжәне басқа да танымал тұлғалар шерткен домбыралар да қойылыпты. Сонымен қатар көрмеде танымал шеберлер Қарамұқан Басшин, Сүндет Нұрымов, Құтым Қасенов, Ерқосай Әбілов, Жетес Жәмеков және жас шебер Мұратхан Таңатарұлы жасаған ұлттық музыкалық аспаптар да тұр.
Көрмеден соң облыс әкімі Асхат Шахаров «Ер Едіге» жыршылық мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, әлемдік рекордқа үлес қосқан жас жыршы Алтынай Жетесоваға домбыра сыйлады. Белгілі қолөнер шебері, Қазақстан шеберлер мен суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілов жасаған домбыра Алтынайдың көптен бергі арманы екен.
Алтынай Жетесова – «Шашу» отбасылық халық ансамблінің мүшесі. Ол жеті жыл бойы «Қазанғап» мектебінде прима-қобызды меңгерсе, соңғы екі жылдан бері «Ер Едіге» жыршылық мектебінде домбыра тарту мен жыршылық өнерді игеріп келеді. Биыл 9-сыныпты тәмамдаған өнерпаз алдағы уақытта Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжіне «Дәстүрлі ән» мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі жыршылар мектебінің оқушыларымен кездесу барысында «Ер Едіге» мектебі тәрбиеленушілерінің жетістігін де ерекше атап өтті. Олар қазақтың батырлар туралы жырларын 24 сағат бойы үздіксіз орындап, Global Book of Records-тың Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтар кітабына енді. Өңір басшысының айтуынша, бұл ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін дәлелдейді, әрі осы жыр мектебі – Ақтөбе өңірі мен бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Сондай-ақ әкім мектеп ұжымы мен тәрбиеленушілеріне ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, олардың еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров домбыраның қазақ халқы үшін жай ғана музыкалық аспап емес, тарихи жады, мәдени коды мен ұлттық болмысының айрықша белгісі екенін атап өтті. сондай-ақ кездесу барысында Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева жыршылық өнерге жас буынды баулып жүрген мектеп ұжымына алғысын жеткізді.
Өңір басшысымен болған кездесуден кейін «Қазақ халқына мың алғыс» стелласының алдында Ұлттық домбыра күніне арналған «Бабамнан қалған аманат – асыл домбыра» атты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Оны өңір басшысы Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет тұрғындармен бірге тамашалады.
Мерекелік бағдарламада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының «Серпін» фольклорлық ансамблі және қала тұрғындарынан құралған 1500 домбырашы бір сахнада бас қосып, ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатты. Олар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлері, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» шығармасын орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ онда Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева өнер көрсетіп, қазақ күй өнерінің биік деңгейін паш етті. Одан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов, «Құрмет» орденінің иегері Талап Хамзин үшеуі қосылып, күй тартты. Сонымен қатар қазақтың қара домбырасымен әлем білетін классикалық шығармалар орындалып, ұлттық аспаптың сан қырлы мүмкіндігі көрерменге паш етілді.