Бұлақ– елдің ырысы, табиғаттың аманаты

0 3

Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан «Мөлдір бұлақ» акциясы табиғи су көздерін қорғап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттайтын маңызды экологиялық бастама ретінде жалғасын тауып келеді.

Мәселен, биыл сәуір айында өткен акцияның алғашқы кезеңінде Қостанай облысында еріктілер мен колледж оқытушылары Тобыл өзенінің жағалауын, Қостанай қаласындағы Триатлон саябағы мен Арқалық қаласының орталық паркі маңындағы аумақтарды тазартқан еді. Республика көлемінде бірінші кезеңде 36 бұлақ пен 27 су нысаны қамтылып, оған 12,5 мыңнан астам адам, оның ішінде 900-ден астам ерікті қатысты.

Ал енді, Бейімбет Майлин ауданындағы Жабағы батыр бұлағында өткен «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы осының жарқын жалғасы болып табылады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған игі іске мемлекеттік қызметкерлер, сала мамандары, еріктілер мен ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты. Бұл экологиялық акцияға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Өтелов, Бейімбет Майлин ауданының әкімі Қайсар Мыржақыпов, Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері, «Қазсушар» РМК мамандары, бассейндік инспекциялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, еріктілер, студенттер және аудан тұрғындары қатысты.

«Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясын Су ресурстары және ирригация министрлігі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткізіп келеді. Акция барысында бұлақтар мен өзен-көлдердің жағалауы тазартылып, табиғи су көздерін сақтау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру көзделген. Биылғы екінші кезең 11 шілде күні, яғни бүгін еліміздің 12 өңірінде ұйымдастырылды. Оның аясында 58 бұлақ пен 33 су нысанын тазарту жұмыстары жүргізілді. Қостанай облысында акция Бейімбет Майлин ауданындағы үш бұлақ пен Лисаков қаласындағы екі су нысанын қамтыды. Жалпы өңір бойынша экологиялық бастамаға 600-ге жуық адам қатысты.

Қатысушылар Жабағы батыр бұлағының көзін ашып, айналасын қоқыстан тазартты, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Табиғи су көзін сақтау мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шара көпшіліктің қолдауына ие болды.

Бейімбет Майлин ауданының әкімі Қайсар Мыржақыпов мұндай бастамалардың туған жерге деген жанашырлықты арттырудағы маңызына тоқталды.

– Бұлақтың көзін ашу – табиғатты қорғауға қосылған нақты үлес. Осындай игі іске жастардың, еріктілердің және ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы ерекше қуантады. Табиғатты аялау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Өтелов республикалық акцияның экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше айтып өтті.

– Бұл акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етіп, өз өңірлерінде бұлақтарды тазалау мен ағаш отырғызу жұмыстарын өз бастамасымен ұйымдастыратын азаматтардың қатары көбейіп келеді, – деді Сағи Өтелов.

Іс-шараға қатысқан мемлекеттік қызмет ардагері Кенжебек Ещанов мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

– Бұлақ – елдің ырысы, табиғаттың аманаты. Қазақ қашанда судың көзін ашып, бұлақты таза ұстауды сауап санаған. Бүгінгі жастардың осы дәстүрді жалғастырып, туған жерге жанашырлық танытып жүргені көңіл қуантады. Табиғатты қорғау – әр азаматтың парызы, – деді ардагер.