Қостанайдағы заңгерлер мен ғалымдар жаңа Конституцияның ел дамуына ықпалы мен құқықтық реформалардың мәнін талқылады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өткен «Жаңа Конституция: болашаққа көзқарас» атты дөңгелек үстелде сарапшылар жаңартылған Ата Заңның қоғам мен мемлекет үшін маңызын саралап, оның құқықтық және саяси жүйеге әкелетін өзгерістеріне тоқталды.
Дөңгелек үстелде құқық саласының тәжірибелі мамандары мазмұнды баяндамалар жасап, Конституциядағы негізгі өзгерістердің құқықтық негіздерін жан-жақты түсіндірді. Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі рөліне тоқталса, аталған кафедраның аға оқытушысы Индира Талтанова азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жаңа тетіктерге назар аударды. Ал Қылмыстық және азаматтық құқық пен процесс кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Майсатаева сот жүйесін жетілдіру және құқық қолдану тәжірибесіндегі өзгерістер туралы баяндама жасады.
Спикерлердің айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оны әзірлеу мен талқылау барысында қоғам пікірінің ескерілуі. Заң жобасын талқылауға әртүрлі әлеуметтік топтардың, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы құжаттың мазмұнын кеңінен талқылауға мүмкіндік берген.
– Жаңа Конституция – тек заңгерлерге арналған құжат емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісім. Онда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осындай кездесулердің мақсаты – реформалардың мәнін халыққа, әсіресе жастарға түсіндіру, – деді жиынға қатысушылар.
Талқылау барысында қатысушылар конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға серпін беретінін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жаңа өзгерістер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамның мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар сот және құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен тиімділігін күшейтіп, елдегі демократиялық институттардың дамуына оң ықпал етеді.
Жиын барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар құқықтық білімді мектеп пен жоғары оқу орындарында жүйелі түрде насихаттау, студенттердің заңнамалық өзгерістер жөніндегі білімін жетілдіру және қоғамдық пікірталастарға қатысуын қолдау маңызды екенін айтты.
Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар баяндамашыларға сұрақ қойып, конституциялық реформалардың өңірлік деңгейде жүзеге асырылуы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара соңында университет ұжымы мен заңгерлер жаңа Конституцияның негізгі қағидаларын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесулер мен ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды тұрақты өткізу жөнінде ортақ пікірге келді. Мамандардың айтуынша, құқықтық мемлекет құру жолындағы реформалардың табысты болуы азаматтардың заңға деген құрметі мен құқықтық мәдениетінің деңгейіне тікелей байланысты.