Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Соның дені жеке секторда дамып келеді. Жалпы ауданда мемлекеттің қолдауын сезініп, кәсібін жолға қойған кәсіпорындардың жұмысы арнайы ауданда ұйымдастырылған баспасөз турында БАҚ өкілдеріне таныстырылды.
Облыстық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен Сұлтанрабат елді мекеніндегі «AiK.kz» кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. Сағатына 2 мың дана жұмыртқа науасын (лотогын) шығаратын нысан биыл пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Бүгінде кәсіпорында 20 адам еңбек етуде.
Баспасөз туры барысында журналистерге өңірдегі балық шаруашылығын дамытуда алдыңғы қатардан көрініп жүрген, былтыр «Қазақстанның ең үздік балық өндірушісі» атанған «Fish House» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында былтыр шілде айында ашылған кәсіпорын жылына 300 тонна балық және балық өнімдерін саудаға шығарады. Онда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында балықтың форель, сазан және ақ амур түрлері өсіріледі.
Сондай-ақ журналистер аудан орталығы Ленгір қаласында орналасқан «Dana» тігін цехында болды. Жеке кәсіпкер Дана Жұмабаева өз қаражаты есебінен ашқан кәсіпорында жылына 150 мың жаздық, 90 мың қыстық арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Еліміздің барлық өңірлерімен әріптестік байланыс орнатқан цех өз өнімдерін көршілес Ресейге де экспорттайды. Сапар аясында журналистерге Зертас елді мекенінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы таныстырылды. Былтыр басталған құрылыс облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2027 жылы пайдалануға берілетін кешенде 45 орынды кіші спорт залы, баскетбол, волейбол және күрес залдары, сондай-ақ заманауи жаттығу залы болады.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері «Азия Милк» шаруа қожалығында болды. Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайтын фермада жылына 1300-1350 тонна сүт өндіріледі. Жалпы, 40-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның алғашқы кезеңі былтыр жылдың соңында пайдалануға беріліп, онда 564 ірі қара болған. Ал, екінші кезеңі биыл іске қосылып, мал басы 636-ға жеткен.
Бағдарлама аясында журналистер аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан «Төлеби баба» музейімен де танысты. Аталған нысанды биыл шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. «Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен салынып жатқан музейдің жалпы құны 372,2 миллион теңгені құрайды.
Сапар соңында БАҚ өкілдерін аудан басшылары қабылдап, сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.