Ботай бренді – өңірдің жаңа келбеті

0 1

Солтүстік Қазақстан – адамзат тарихында жылқы алғаш қолға үйретілген Ботай мәдениетінің алтын бесігі. Бүгінде бұл бірегей тарихи мұра креативті экономиканы, заманауи технологияларды және инновациялық жобаларды дамытуға берік негіз болып отыр. Осы жәдігерлер Республикалық «Creative Aimaq» жобасы аясында елордада өткен «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» креативті жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан облысының мәдени, туристік және инновациялық әлеуеті паш етілді. Өңір экспозициясымен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

Жәрмеңкеде өңірлік брендтер, халық шеберлерінің төл туындылары, сондай-ақ жасанды интеллект, робототехника, GameDev, VR/AR, 3D басып шығару және өзге де цифрлық технологиялар саласындағы заманауи әзірлемелер көпшілік назарына ұсынылды.

Солтүстікқазақстандық шеберлер мен креаторлардың өнімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкенің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4,9 миллион теңгенің өнімі сатылды.

«Жәрмеңкеге қатысу өңіріміздің әлеуетін кеңінен таныстырып қана қоймай, жергілікті өндірушілердің өнімдеріне деген жоғары сұраныстың бар екенін айқын көрсетті. Креативті индустрия облыс экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бұл сала өңір брендін ілгерілетуге, талантты азаматтардың жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.