Шәлкөдедегі этнофестиваль ұлттық мұраны ұлықтады

0 3

Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шәлкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі басталды. «Шәлкөде, ыстықсың, сен маған» – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған, сұлулығына көз тоймайтын жайлауда жиналған қауым көп болды. Әрі бұл іс-шара Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойымен қатар өтті.

Бұл салтанатты басқосудың мақсаты – ауданның тарихи даму жолын насихаттау, аудан тұрғындары арасында патриоттық сезімді, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру. Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлерді, халықтық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеу, ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін таныстыру болды. ұйымдастырушылардың айтуынша, Шәлкөде жайлауындағы этно-фестивалге 150-ден аса қазақ үй тігіліп, 25 мыңға жуық адам қатысқан. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан іс-шара барысында келушілерді ақ жаулықты қыз-келіншектер қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Бұл ұлттық фестивальге көршілес қырғыз ағайындар, сондай-ақ Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қарақалпақстан халқы да ортақтасты. Олардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетті.

Ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған игі бастама жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуді басты назарға ұстады. Жиналған көпшіліктің назары ашық аспан астындағы сахнаға ауды. Қонақтар жайғасқан соң, «Жайлау көші» сахналық қойылымы қойылып, Шоған абыз ақ батасын берді. Ел қорғаған Райымбек батыр жайлы қойылым көпшілікке рух сыйлап, көңілді тебірентті.

Жайлаудағы фестивальді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, жиналған жұртты ауданның 90 жылдығымен құттықтады.

– Бүгінгі басқосудың мәні ерекше. Тау тұлғаларды қалыптастырған өлке биік болып қала береді. 90 жыл – бір дәуір. Нарынқолдың еңбеккер халқына алғыс білдіремін. Райымбек ауданы шекаралық аймақ. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, туризм саласы дамып келеді. Бүгінгі іс-шара – Райымбек ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдениетін айшықтайтын шара. Осындай қасиетті өлкеде «Хантәңірі қазынасы» этнофестивалінің өтуі заңдылық, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ облыс әкімі сөзінің соңында осынау қасиетті мекенді таза ұстауға шақырып, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталды.

Мерекеге арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиналған көпшілікті құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді.

Фестивальде отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің көрмесі, Халықаралық Han Tengri Fashion Week этно-сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, халықаралық суретшілер пленэрінің қорытындысы шығарылып, қылқалам шеберлерінің үздік туындыларынан арнайы көрме ұсынылды. Фестивальде ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылып, Тимур Сыпатаев бастаған «Алыптар сайысының» құрыш білекті жігіттері күш сайысын ұйымдастырды. Түйе палуан, 100 килограмм тас көтеру, бөрене көтеру, арба сүйреу және тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті. Келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді.

Сондай-ақ Шәлкөде жайлауында елімізге белгілі әншілер Сұлушаш Нұрмағанбетова, Диана Исмайыл, Ғазизхан Шекербек, Мөлдір Әуелбекова тағы басқалар өнер көрсетті. Фестиваль көркін Алматы облыстық филармониясы және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөледі.