Нашақорлықпен күрес – ортақ іс

0 3

Жыл сайын 26 маусымда бүкіл әлемде Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні атап өтіледі. Бұл күн қоғам назарын есірткі мәселесіне аударып, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды дата болып табылады. Осыған орай өңірімізде есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жауапты мекемелер арасында нақты міндеттер айқындалды. Соның ішінде Триатлон паркінде жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «TARTYL FEST» фестивалі ұйымдастырылды. Сайыста 60-қа жуық жас бақ сынады.

Іс-шараның ашылу салтанатына театр және кино актері, «Құрмет» орденінің иегері Асан Мәжит, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары Мирас Уманиязов, Дмитрий Юдаков, Азамат Жұмағали қатысып, жастарды саламатты өмір салтын насихаттауға шақырды.

Облыстық «Жасыл ел» штабының менеджері Иса-Бек Дүйсенбаевтың айтуынша, мұндай сайыстар жастарды бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға баулиды.

– Нашақорлық – қоғам дерті. Жыл сайын осы күні түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырамыз. Биыл облыс және қала тұрғындары кермеге тартылудан сынға түсті. Оған 16-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Олардың ішінде ең жоғары көрсеткіш 55 рет кермеге тартылу болды. Қатысушылардың сайыс барысындағы көрсеткіштерін облыстық спорт басқармасының нұсқаушы мамандары бағалады. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасады, – дейді ол.

А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп–гимназиясының 11-сынып оқушысы Саян Бектілеуов сайысқа алғаш рет қатысқанын айтады.

– «TARTYL FEST» фестиваліне қатысушылар өте көп болды. Өзім кермеге 20 рет тартылдым. Сайыс туралы әлеуметтік желі арқылы естідім. Достарым да сайысқа қатысып, нәтижелі ойын көрсетті. Өскелең ұрпақ зиянды әдеттерден аулақ боп, спортпен шұғылданғанын қалаймын. «Дені саудың – жаны сау» демекші, еліміздің келешегі – салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қолында, – дейді сайысқа қатысушы.

Ал Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің  биылғы түлегі Нұрсұлтан Имашев мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан сайыс барысында үздік нәтиже көрсетуге күш-жігерін аямады.

– Өзім болашақ журналистпін. Шілде айында салтанатты түрде дипломымды аламын. Сайыс туралы естіген бойда қатысуға шешім қабылдадым. Бұрын да спорттық жарыстарға қатысып жүрмін. Осы фестивальде 20 рет кермеге тартылдым, – дейді ол.

«TARTYL FEST» фестивалінің қорытындысында Арлан Салқынбай, Әлихан Төремұратов, Нұрғасыр Наурызғалиев үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен медаль табысталды. Сондай-ақ осы шара барысында қалалық көркемсурет лицейінде өткен сурет байқауына қатысқан 12 оқушы мен олардың жетекшілеріне облыстық білім басқармасы және полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының атынан Алғысхат табысталды.

Іс-шара соңында облыстық прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері есірткінің заңсыз айналымының салдары туралы айтып, түсіндіру жұмысын жүргізді.