Кірпіш зауыты іске қосылды

0 2

Осакаров ауданындағы құрылыс жұмысы жаңа аяқталған кірпіш зауытының басты артықшылығы – өндірісте жергілікті шикізаттың пайдаланылуы. Кірпішке қажетті саз Осакаров ауданында өндіріледі. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Зауыт өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Екі күйдіру пеші орнатылып, электр желілері тартылған, қажетті инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Мамандар өндірістік жабдықтарды баптап, технологиялық желілерді сынақ режимінде іске қосып жатыр.

Зауыттың жылдық қуаты – 50 миллион кірпіш. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобамен арнайы танысты. Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 200 мың дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұнда 40 тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылды.

– Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соған сәйкес сапалы құрылыс материалдарына сұраныс та артып отыр. Біз өңірде осындай өндіріс орындарының ашылуына мүдделіміз және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Зауыттың құрылысы шамамен бір жарым жылға созылды. Жоба толықтай жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Мемлекет тарапынан кәсіпорынға 16 гектар жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі жасалды.

– Бұл жобаны таңдаудағы басты себеп – Қазақстандағы құрылыс нарығының қарқынды дамуы. Сонымен қатар зауыттың орналасқан жері өте қолайлы. Қарағанды мен Астанаға дейінгі арақашықтық небәрі 100 шақырым. Сондықтан өнімімізге сұраныс жоғары болады деп сенеміз, – деді «Алтын Алқап Қарағанды» ЖШС инвестор-компаниясының өкілі Чуаньгун Цай.

Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, бұл өңірдегі жалғыз жоба емес. Биыл күзде Нұра ауданында тағы бір кірпіш зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Екі кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін Қарағанды облысы мен Астана қаласының құрылыс нарығын кірпішпен қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ.

– Біз әрбір инвесторды жобаның барлық кезеңінде сүйемелдейміз. Осы мақсатта облыс әкімі жанындағы инвестициялық штаб, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Мемлекет жер телімдерін беру мен инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етеді, ал инвесторлар өндірісті дамытуға инвестиция салады, – деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.