Экологияға үлес қосқан өндіріс

0 3

Теміртау қаласында пайдаланылған автокөлік шиналары мен техникалық сұйықтықтарды қайта өңдеу жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді. Бұрын қоқыс алаңдарына тасталып, қоршаған ортаға зиян келтірген қалдықтар бүгінде қайта өңделіп, өндірісте қайта пайдаланылатын құнды шикізатқа айналуда. Бұл бағыттағы жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға және қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде бұл бастамаға өнеркәсіп кәсіпорындары, автокөлік парктері, техникалық қызмет көрсету станциялары мен қайта өңдеуге маманданған ұйымдар белсенді қатысып келеді. Нәтижесінде пайдаланылған шиналар мен техникалық майлардың қоршаған ортаға бей-берекет тасталуы азайып, оларды қайта пайдалану мәдениеті қалыптаса бастады.

Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Андрей Уманцевтің айтуынша, қалдықтарды жинау және кәдеге жарату жүйесі жыл сайын жетілдіріліп, оған қатысатын кәсіпорындардың саны артып келеді.

– Қаладағы ірі және орта кәсіпорындардың барлығы дерлік мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасасқан. Қазіргі таңда шина ауыстыру қызметін көрсететін 26 автосервистің 24-і пайдаланылған шиналарды қайта өңдеуге тұрақты түрде өткізіп отыр. Сонымен қатар қозғалтқыш майларын жинау мен қайта өңдеу бағытында да оң нәтиже байқалады, – дейді ол.

Маңыздысы – бұл жұмыстарға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді. Қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу ісін жекеменшік кәсіпорындар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Бұл экология саласында мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.

Осындай кәсіпорындардың қатарында «Спецпромдеталь» компаниясы бар. Кәсіпорын 2020 жылдан бері экологиялық бағыттағы қызметін дамытып, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысып келеді.

Кәсіпорынның техникалық директоры Александр Бирюковтың айтуынша, ескі шиналарды қайта өңдеу – бүгінде көптеген ел үшін өзекті мәселе.

– Пайдаланылған шиналар табиғатта ондаған жылдар бойы ыдырамайды. Сондықтан оларды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға болады. Біздің кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 3600 тоннаға жетеді. Біз жеңіл көліктердің ғана емес, жүк және арнайы техникалардың да шиналарын қабылдаймыз, – дейді маман.

Кәсіпорында шиналар бірнеше технология арқылы өңделеді. Егер олардың техникалық жағдайы мүмкіндік берсе, алдымен механикалық әдіс қолданылады. Бұл тәсіл арқылы шиналар резеңке үгіндісіне, металл сынықтарына және тоқыма талшықтарына бөлінеді.

Алынған резеңке үгінділері балалар ойын алаңдарының қауіпсіз жабындарын, спорт алаңдарын, жүгіру жолақтарын және жол құрылысында қолданылатын материалдарды өндіруге пайдаланылады. Металл қалдықтары металлургия кәсіпорындарына жөнелтілсе, тоқыма талшықтары әртүрлі өндіріс саласында шикізат ретінде кәдеге асады.

Ал жарамсыз шиналар пиролиз әдісімен өңделеді. Бұл технологияның көмегімен техникалық көміртек, пиролиз отыны және металл алынады. Аталған өнімдер кейін энергетика, химия және құрылыс салаларында кеңінен қолданылады.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары тұрғындардың экологиялық жауапкершілігі де айтарлықтай артқан. Бұрын пайдаланылған шиналарды кез келген жерге тастау жиі кездессе, қазір тұрғындар оларды арнайы қабылдау орындарына өткізуді жөн көреді.

– Қайта өңдеудің маңызын түсінетін азаматтардың саны көбейіп келеді. Бұл – қоғамдағы экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – дейді Александр Бирюков.

Кәсіпорын тек шиналарды ғана емес, пайдаланылған мотор майларын, антифриздерді және өндірістік ластанған материалдарды да арнайы өңдеу орындарына жөнелтеді. Бұл қауіпті қалдықтардың топыраққа немесе су көздеріне түсуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қала әкімдігі алдағы уақытта қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі жетілдіруді көздеп отыр. Жоспар бойынша пайдаланылған шиналар, техникалық майлар және басқа да өндірістік қалдықтардың барлығы толықтай қайта өңдеуге жіберіліп, экономикалық айналымға қайта қосылатын кешенді жүйе қалыптастырылады.

Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Теміртауда қолға алынған бұл тәжірибе еліміздің басқа өңірлері үшін де экологиялық жауапкершілік пен тиімді қалдық басқарудың үлгісіне айналып келеді.