Егіз сарбаз ел қорғанында

0 4

Отан алдындағы борышын өтеу – әр азаматтың парызы. Ал бұл міндетті егіз бауырлардың бірге атқаруы – сирек кездесетін тағылымды оқиға. Бүгінде Тұрар мен Әли Аждурлиевтер Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында әскери қызмет өткеріп, ел тыныштығын күзету жолында абыройлы еңбек етуде.

2003 жылдың 5 шілдесінде дүниеге келген егіздер әскерге саналы түрде аттанған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін олар азаматтық өмірдің қамын күйттемей, ең алдымен әскери міндетті өтеуді жөн санаған. Бұл – олардың елге деген құрметі мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі.

Тұрар мен Әли – спортпен шыңдалған, тәртіпке бейім жастар. Егіздің үлкені Тұрар Орталық Азия инновациялық университетінің түлегі. Ол бокс пен тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер атанған. Әскери ортада сабырлылығымен, төзімділігімен және жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді.

Ал оның сыңары Әли ауыр атлетика мен тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер. Сонымен қатар ауыр атлетикадан жаттықтырушы мамандығын меңгерген. Әскери қызмет барысында да ұйымдастырушылық қабілетімен және тәртіпке беріктігімен көзге түсуде.

Аждурлиевтер отбасы – ұлттық тәрбие мен спортты қатар ұстанған өнегелі жанұя. Егіздер бес ағайындының үлкендері болғандықтан, кейінгі інілері мен қарындастарына әрдайым үлгі көрсетуге тырысады. Қарындастары Мадина қыздар футболынан спорт шеберіне үміткер болса, інісі Құрал ауыр атлетикамен айналысады. Ал тағы бір қарындастары Алия тоғызқұмалақтан жақсы нәтижелерімен танылып жүр.

Отбасының берекесі мен балалардың жетістігінің артында ата-ананың еңбегі тұрғаны анық. Әкелері Вали Аждурлиев пен аналары Лазат Окасова – тоғызқұмалақтан жаттықтырушылар. Ұлттық спортты дәріптеп, бала тәрбиесіне айрықша мән берген ата-ананың тәлімі бүгінде өз жемісін беруде.

Егіз сарбаздар әскери қызметке деген қызығушылықтың қалыптасуына нағашы ағаларының ықпалы зор болғанын айтады. Ауған соғысының ардагері болған ағалары олардың бойына елге қызмет ету ұғымын жастайынан сіңірген.

– Біз үшін Отан қорғау – үлкен мәртебе. Әскерге бірге келуді көптен жоспарладық. Ел тыныштығына үлес қосу – әр азаматтың міндеті деп білеміз, – дейді қатардағы жауынгер Тұрар Аждурлиев.

Қазіргі таңда қос сарбаз С-300 зениттік-зымырандық дивизионында жауапты міндеттерді мінсіз атқарып келеді. Әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындықты серік еткен егіздердің өмір жолы – кейінгі буынға үлгі боларлық тағылым.