Шетелдік күмәнді діни оқу орындарының зияны

0 3

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы өз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен мәдени, саяси, экономикалық және басқа салаларда өзара ынтымақтастық орната бастады. Осының негізінде Қазақстан азаматтарына шетелдік діни оқу орындарына барып, діни білім алуға да мүмкіндік ашылды. Алайда, шетелдік діни оқу орындарының барлығы бірдей біздің еліміздің саясатымен, бағытымен үндесе бермейді. Сондықтан оларды екі бөліп қарастырған жөн.

Біріншісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми меморандумға қол қойған шетелдегі танымал жоғары оқу орындары. Екіншісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы меморандумға қол қоймаған шетелдік діни оқу орындары. Әрине, ҚМДБ-мен меморандумға қол қойған шетелдік діни оқу орындарына баруға болады. Себебі ондай діни оқу орындары дәстүрлі дінімізді үйрететін жоғары оқу орындары болып табылады. Ал, Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Катар, Кувейт, Йемен, БАӘ  сияқты мұсылман мемлекеттеріндегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болуда.

Міне, осындай түсініктегі шетелдік күмәнді діни оқу орындарында оқыған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың салдарынан Қазақстанның әр аймағында террорлық әрекеттер орын алуда.  Жоғарыда аталған қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан 2011-жылдардан бастап, тұрақты түрде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан азаматтарының шетелге діни білім алу мақсатымен бақылаусыз аттануы біршама тежелді. Осыған орай, діни білімге қызығушы азаматтар шетелдік діни оқу орындарына бармай-ақ, отандық діни білім оқу орындарында білім алғаны жөн.

Қазіргі таңда елімізде дін мамандарын даярлайтын алты жоғары оқу орны бар. Олар – «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Сондай-ақ 9 медресе-колледжде діни білім алуға болады. Олар – «Сарыағаш» колледжі, «Астана», «Әбу Бәкір Сыддық», «Һибаттулла Тарази», «Үш қоңыр», «Шымкент», «Әбу Ханифа», «Ақтөбе», «Орал» медресе-колледждері. Аталған отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді.

Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз Отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнар көздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.