Тараз қаласында қазақ киносының онкүндігі өтуде. Оның ұйымдастырушылары – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Облыстық халық шығармашылығы орталығы.
Басқарма басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаеваның айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қолдаумен түсірілген ұлттық фильмдерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ, шалғай елді мекендердегі көрермендерге отандық киноны қолжетімді ету. Қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақ киносының онкүндігін өткізуді қолға алған. Онкүндік аясында мемлекеттің қолдауымен түсірілген «На Восток от Рая», «Мама – я живая!», «Братья» және тағы басқа кинолар алдағы күндері көпшілік назарына ұсынылмақ.
Мәдени іс-шараның шымылдығын Гүлдана Серікбаева құттықтау сөздерімен ашты. Ал, қазақ киносының онкүндігі шынайы оқиғаға негізделген «Капитан Байтасов» фильмімен ашылды. Туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» бірлесіп түсірген. Ғазиз Байтасов – 2011 жылдың 12 қарашасында Таразда лаңкестерді тоқтатып, өз өмірін құрбан еткен полиция капитаны. Тәртіп сақшысы қылмыскердің атқан оғын тосып, жарған гранатасын денесімен жауып, бейбіт тұрғындардың жанын сақтап қалған.
Режиссер Дәурен Қамшыбаевтың драма мен «экшн» жанрындағы кинотуындысы жалғыз Байтасовтың ғана емес, лаңкеспен күрес жолында қаза тапқан барша құзырлы орган қызметкерлерінің жанкештілігін баяндайды.